Банк пен қаржы

Жеке басында 5 картасы бар адамның ақша аударымдары мен төлемдері тексеріледі – ҚНРДА

Банктерде бес төлем картасын ашқан азаматтардың банктік операциялары тексеріледі / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Егер азаматтарда екінші деңгейлі банктердің 5 картасы болса және олар «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелмеген биржаларға төлем жасайтын болса, онда мұндай карталар арқылы жүргізілген операциялар тексеріледі. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған құжатта жазылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді АХҚО-да тіркелмеген цифрлық биржаларға төлем жасаудан және ақша аударудан автоматты түрде бас тартуға міндеттемек.

Агенттік осылайша есірткі мен цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында банк өнімдерін пайдалану тәуекелдерін азайтуды көздеп отыр. Банктер:

  • есірткінің заңсыз өндірілуі, айналымы және транзитімен;
  • «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары болып табылмайтын, тізбесін «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті қалыптастыратын цифрлық активтер биржаларының пайдасына төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырумен;
  • электрондық казино мен интернет-казиноның пайдасына төлемдерді және(немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырумен; 
  • жиырма бір жасқа толмаған жеке тұлғалардың ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асырумен байланысты операцияларды жүргізуден бас тартады.

Сонымен бірге екінші деңгейлі банктер бір клиентке бес картадан асатын төлем карталары бойынша операциялар жүргізуге шектеулер (лимиттер) белгілейді. Лимит айына 100 000 мың теңгеге дейін 3 төлемнен және ақша аударымдарынан аспауы керек.

«Банк Қазақстан Республикасының бейрезиденттері – аталған банк шығарған төлем карточкаларының ұстаушылары және есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және транзиті факторы негізінде кірісті жылыстату, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдердің резиденттері болып табылатын клиенттердің, Қазақстан Республикасында болу негізділігін растайтын құжаттарын (еңбек шартын, оқу шартын, Қазақстан Республикасында шетел азаматының тұру ықтиярхатын және басқа да құжаттарды) тексереді», – делінген құжатта.

Тексеріс барысында бестен астам төлем картасы бар банк клиентінен қандай да бір күдікті операциялар анықталса, банк мұндай клиенттердің қаражатының шығу көзіне тексеріс жүргізуге міндеттеледі. Сонымен бірге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында белгіленген шараларды қабылдауы керек. Мұндайда күдікті операциялар туралы қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға ақпарат жіберіледі.