Енді әр азаматқа бір ғана SIM-карта беріледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы уақытта байланыс саласына қатысты арнайы заң нормаларын енгізуді көздеп отыр. Оған сәйкес, телефон нөмірлерін беру құзыреті мемлекетке берілмек. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтты.
«Қазір нөмірлік жоспарды байланыс операторлары береді. Біз бұл құзыретті мемлекетке беруді жоспарлап отырмыз. Оған сәйкес, азаматтар ұялы телефонға және қалалық телефондарға арналған нөмірлерді үкіметтің порталы арқылы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы алатын болады. Сонымен бірге SIM-карталар көлемін де шектейміз. Бір азаматқа бір ғана SIM-карта беріледі», – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, корпортивтік мақсаттарда көп SIM-карта пайдаланатын заңды тұлғалар болса, әр карта бойынша есеп беруі керек болады.
«Біз алдағы уақытта осындай ұсыныспен шығамыз. Депутаттар қолдау көрсетеді деген ойдамын», – деді ол.
Айта кетейік, бұл қадам елдегі алаяқтық қылмыстардың алдын-алу мақсатында жүзеге асырылады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолданады. Оларға тосқауыл қою мақсатында байланыс операторлары антифрод орталықтарын біріктіріп, қауіпті қоңырауларды бұғаттай бастаған. Мұндай қорғаныс шараларынан кейін, алаяқтар белсенді түрде әлеуметтік желілерді пайдалана бастаған.
Сонымен бірге қазіргі уақытта қылмыскерлер арнайы SIM бокстарды қолданады. Ішкі істер министрлігі өкілінің хабарлауынша, Қазақстанда 3 қылмыстық топ анықталып, олардан 3 SIM бокс тәркіленгенін айтты. Айтуынша, ол құрылғыларға 3500-ден астам SIM-карта орнатылған.
«Біз бұл SIM-карталардың алаяқтардың қолына қалай түскенін анықтап жатырмыз», – деді министрлік өкілі.