Жаңалықтар

БРИКС БҰҰ-ны алмастыратын бірлестік емес – Песков Қазақстанның ұйымға қатысты ұстанымына жауап берді

Қазақстан БРИКС-ке кіруге өтінім беруден қалыс қалуға шешім шығарған/фото: globallookpress.com

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан билігінің БРИКС-ке кіруге өтініш беруден қалыс қалу туралы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Мәскеу Астананың шешіміне құрметпен қарайды. Осыған байланысты, ол БРИКС-тің БҰҰ-ны алмастыру ниеті жоқ екенін айтты.

«БРИКС – БҰҰ-ны алмастыруға ұмтылып жатқан бірлестік емес. Керісінше, бұл бірлестік БҰҰ-ны толықтыра түседі. Біріккен Ұлттар Ұйымының сипатына ешқандай қарсы келмейді», – деді Дмитрий Песков.

Ел Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мұның алдында Қазақстанның БРИКС-ке кіруге өтінім беруден қалыс қалуға шешім шығарғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Астана барлық өзекті халықаралық мәселелерді талқылауға болатын универсалды және баламасыз ұйым ретінде БҰҰ-ны артық көреді.

Дмитрий Песковтың айтуынша, БРИКС бас қосуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы аймақтық және халықаралық ынтымақтастың дамуына үлкен үлес қосады.

Сонымен қатар, Песков БРИКС саммитін өткізуге барлық инфрақұрылымның әзір екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл шара жоғары деңгейде өтеді.

Айта кететін жайт, 22-24 қазан айында Татарстан астанасы Қазанда БРИКС саммиті өтпек.

Бұдан бұрын Президент Тоқаевқа БРИКС-ке кіру туралы ұсыныс түскенін, бірақ оның бұл ұсынысты мемлекет мүддесі тұрғысынан мұқият қарастыратыны туралы жазғанбыз.