«Отбасы банк» енді оқу ақысын төлеуге несие бере бастайды

Жарияланды
ҚНДРА төрайымы Мәдина Әбілқасымова мұны депутаттардың ұсынысы деп отыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотека нарығындағы монополист – «Отбасы банкіне» білім беру кредиттерін беруге рұқсат берді. Агенттік төрайымы Мәдина Әбілқасымова мұны депутаттардың ұсынысы деп отыр. Бұл банк енді мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында оқу ақысын төлеуге кредит бермек.  

Бұл туралы Мәдина Әбілқасымованың Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында айтылды. Бұл бастама тұтынушы құқығын қорғау және қаржыға қолжетімділікті күшейту шарасы ретінде ұсынылып отыр.

Сонымен қатар төрайымның айтуынша, несие серіктестіктері үшін бірқатар рәсімдерге жеңілдіктер жасалмақ. Соның бірі – енді есеп саясаты өкілеттілігі серіктестіктің басқармасына беріледі.

Бұл үшін арнайы заң жобасы жасалған. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, оның негізгі ережелері банк секторындағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етпек.

Шілде айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Отбасы банкін» ипотека нарығында монополист екенін тұспалдап, ықпалын барынша азайту жөнінде мәселе көтерген. Өйткені агенттік соңғы он жылда ипотека нарығында шоғырлану басым болып шыққанын алға тартып отыр. Агенттік бірқатар қаржы нарығын қадағалайтын органдарға шара қолдануға, тіпті бұл банкті нарықтың коммерциялық бөлігінен шығару жөнінде сөз қозғаған. Бұл ұсыныс Ұлттық Банк, Ұлттық экономика жән Қаржы министрлігімен қатар, Әбілқасымова басқарып отырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне де жолданған болатын.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл банкті тұрғын үй институты ретінде қайта құру туралы бастама көтерген еді.

Мұның алдында Құрылысшылар одағының мүшесі Вячеслав Лазарев «Отбасы банк» арқылы ислам ипотекасын енгізуді ұсынған еді. Оның пікірінше, бұл 1,5 млн адамның баспаналы болуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз