Талғарлық белсенді үйінің өртенуіне Аслан Қасымбаевтың қатысы бар деп күдіктенеді

Жарияланды
Талғар аудандық ішкі істер департаменті қызметкерлері келіп, сараптама жасап, өрт қойылғанын анықтаған /фото: Kursiv.media мұрағаты

Талғар ауданы әкімі апаратының бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаев Белбұлақ ауылы округының әкімі болып тұрған кезде Бірлік ауылының тұрғыны Мақсат Кенжебаев бір мәрте үйіне біреулердің өрт қойғанын, кейіннен тағы да өртеуге әрекет жасағанын баяндап берді.  

Өзінің айтуынша, Бірлік ауылының сол кездегі әкімі сатып жіберген балалардың футбол алаңын қайтаруға ат салысқан. Содан бері қоғамдық жұмыспен белсенді түрде айналыса бастаған. Осы уақыт аралығында басынан түрлі оқиғалар өтіпті.

2019 жылы ол Бірлік ауылында мешіт жамағаты үшін көлік тұрағын кеңейту туралы бастама көтереді. Әкімшіліктің ықпалымен имамдар бұл ұсынысты «фитна «деп атаған. Содан арада жанжал шығады.

«Кейін соның бәрін ұттық. Автотұрақ салынатын болды. Сол кезде Аслан Қасымбаев Белбұлақ ауылдық округының әкімі еді. Сөйтсек, ауылға келіп, имамдарды маған қарсы қойып отырған сол екен. Төбелес те шықты. Асланның кім екенін сіздер қазір естіп жатырсыздар», – дейді Мақсат Кенжебаев.

Оның айтуынша, имам бір топ адамды оған қарсы қойып, төбелес шыққанда мешіт терезесінен қарап тұрыпты.

«Сол оқиғадан кейін, мен ауруханада емделіп жатқан едім. 2019 жылдың 20-21-іне қараған түні маған көршім телефон соғып: «Мақсат, сенің үйің өртеніп кетті», – деді. Үйге келсем түгі қалмаған. Бұқаралық ақпарат құралдары ол туралы жазды. Барлық фактілер бар», – дейді Мақсат Кенжебаев.

Бірлік тұрғынының сөзіне қарағанда, Талғар аудандық ішкі істер департаменті қызметкерлері келіп, сараптама жасап, өрт қойылғанын анықтаған.

«Қылмыстық істі Ғалым Иманғали деген қызметкер жүргізді. Ол кезде Талғар ауданында тергеуші болып істейтін еді. Мешіттегі оқиғаны баяндап, кімнен күдіктенетінімді айттым. Бірақ ол: «Сен айтқан адамдарды ұстамаймын», – деп ашық айтты. Күштік құрылымдардың әрекетсіздігі деген осы», – дейді Мақсат Кенжебаев.  

Одан кейін де үйіне біреулер от қоюға ұмтылыпты. Бірлік ауылының белсендісінің айтуынша, ауылдық округ әкімі Аслан Қасымбаев жол жасаймыз деп амбулаториясына баратын жолды қоршап алған. Оған 25 миллионнан астам ақша бөлінген. Екі отбасы қоршалған жерге қатымхана салмақ болады. Белсенді мешіт салуға шақырады. Соңында әйтеуір мешіт салынған.

Бірақ мешіт құрылыс кезінде тараптар арасында дау шығады.

«Осыдан кейін біреулер үйіме неше түрлі нәрсе лақтыра бастады. Өрттенгіш қоспаларды лақтырып кететін болды. Бөтелкеге жанғыш сұйықтықтар құйылған. Бірақ ол кезде жанбай қалды», – дейді Мақсат Кенжебай.

Мұның алдында прокуратура кісі қолынан қаза тапқан талғарлық 16 жасар Шерзат Болаттың үйіне әдейі өрт қойылғанын растаған еді. Қолғап және канистра секілді айғақтар табылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз