Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты елде жанар-жағармай тапшылығы туындамауы үшін ҚМГ Шымкент пен Павлодардағы мұнай зауыттарында өндіріс көлемін арттырған. Бұл жайлы «Қазмұнайгаздың» баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-да жоспарлы-алдын алу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдығының ішкі құрылғыларын модификациялау және т.б. жұмыстар атқарылып жатыр. Қысыммен жұмыс істейтін құралдарды тексеру мен қадағалау жөніндегі іс-шаралар жалғасуда»,- делінген хабарламада.
Компания елде жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын хабарлады. Өйткені елдегі қажеттілік бұдан бұрын жиналған қор есебінен қамтылады. Бұл көлем Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес әр өңірлерге жөнелтіледі.
Қазіргі таңда қор көлемі келесідей:
- автобензин — 10,9 мың тонна;
- дизель отыны — 4,1 мың тонна;
- авиаотын — 2,4 мың тонна;
- сұйытылған газ — 100 тонна.
Компанияның хабарлауынша, қазіргі кезде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қор есебінен орта есеппен 1,1 мың тонна автобензин, 1,2 мың тонна дизель отыны жөнелтіліп жатыр.
Одан бөлек Батыс Қазақстан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензиннің 2,7 мың тоннасы сақталған. Ал жолда шамамен 1,29 мың тонна өнім бар екен. Сонда жалпы АИ-92 бензинінің көлемі 3,98 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем шамамен екі аптаға жетеді деген жоспар бар.
«Ішкі нарықта тұрақты жағдайды сақтап тұру үшін ҚМГ-ның басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармай материалдарының жекелеген түрлерін өндіру көлемі ұлғайтылды. Атап айтқанда, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нен және «ПҚОП» ЖШС-нен күніне орта есеппен автобензин — 4,2 мың және 7,4 мың тоннадан, дизель отыны — 7 мың және 5,5 мың тоннадан жөнелтіледі», – делінген хабарламада.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жұмыстары 2024 жылдың қазан айының соңына дейін жалғасады. Ал қарашаның басынан бастап, кәсіпорын тұрақты технологиялық режимде жұмыс істей бастайды.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі 1 қазаннан бастап Атырау МӨЗ-і жөндеу жұмыстарына жабылатынын хабарлаған болатын. Жөндеу жұмыстары бір айға созылады.