Қазақстандықтар жыл басынан бері қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге құйған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
қаржы пирамидасы
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандардың үстінен 57 іс қозғалды / Фото: shutterstock

Қазақстандықтар жыл басынан бері қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге ақша құйған. Соның тек 12 млрд теңгесі қайтарылды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, қаржы пирамидасын құрғандардың үстінен 57 қылмыстық іс қозғалған.

Қаржы пирамидаларының алдын алу мен оларға алданғандардың санын қысқарту үшін ҚМА «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасын қолға алған. Осы жоба аясында «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сынды қаржы пирамдаларын ұйымдастырғандар жауапқа тартылған.

Жақында «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты тергеу аяқталды. Пирамида өкілдері өздерін канадалық компания акционері ретінде таныстырып, дым қатысы жоқ мекеменің акцияларын сатқан. Салымшыларға салған ақшасы 10-15% табыс әкеледі деп уәде берген. Сөйтіп 255 млн теңге залал келтіріпті. Сот үкімімен кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

2024 жылы ҚМА қаржы пирамидасының белгісі бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемесін бұғаттаған.

Бұған дейін қазақстандықтар Африкада алмаз өндіреміз деп ақша салған компания қаржы пирамидасы болып шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз