Түркістан облысында салынып жатқан «Тайқоңыр қышқыл зауыты» «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясына жыл сайын 800 мың тонна күкірт қышқылын жеткізеді. Күкірт қышқылы – уран өндірісіндегі маңызды химиалық реагент. Шикізат уран кәсіпорындарына 2027 жылдан бастап 17 жыл бойы жеткізіліп отырады.
Ұлттық компания акционерлері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «KAP Logistics» ЖШС мен «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС арасында жасалған офтейк-келісімшарты бойынша міндеттемелерін орындау үшін кепілдік келісімін бекітуді мақұлдады.
Бұл келісім негізінде «Тайқоңыр қышқыл зауытынан» 2027-2043 жылдар аралығында жыл сайын 800 мың тонна шикізат жеткізіліп отырады. Ол өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тобындағы уран өндіруші кәсіпорындарды химиялық реагентпен үздіксіз қамтамасыз етеді.
Күкірт сатып алумен KAP Logistics еншілес кәсіпорны айналысады. Ол тамыз айында зауытпен келісімшартқа отырған. Келісімшартқа сәйкес, KAP Logistics төлем міндеттемелерін тиісінше орындау үшін кепілгер тартуға міндетті еді. Ұлттық компания акционері кепілгер болуға келісім берді. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының кепілдік шарты бойынша міндеттемелер сомасы «KAP Logistics» ЖШС-ның офтейк-келісімшартында жазылған міндеттемелерінің сомасына сәйкес келеді.
Түркістан облысында салынып жатқан зауыт құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қуаттылығы – жылына 800 мың тонна. «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-ны «Қазатомөнеркәсіп» АҚ 2023 жылы құрған. 2024 жылдың басында ұлттық компания зауыт акционерлері қатарынан шыққанын хабарлады.
Қазір зауыт акционерлері – «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС мен «Asia Pipeline Services» ЖШС. «Asia Pipeline Services» ЖШС-ның құрылтайшысы – Qazaq Stoy деп көрсетілген. Тұрғын үй салумен айналысатын Qazaq Stoy компаниясы Дмитрий Ли мен Надежда Артықбаеваға тиесілі.
«Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС – ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны. Ол Түркістан облысындағы «Қанжуған», «Оңтүстік Мойынқұм», «Орталық Мойынқұм», «Уанас» және «Мыңқұдық» кен орындарында табиғи уран өндіреді. Шикізатты уранның химиялық концентратына дейін өңдейді.
2023 жылы Қазақстанда 2,33 миллион тонна күкірт қышқылы өндірілген. Ал импорт көлемі 624 мың тоннаны құрады. Еліміз күкірт қышқылын негізінен Ресейден сатып алады.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2024 жылға арналған өндіріс жоспарына өзгеріс енгізді. Оған – уран өндіруге қажетті күкірт қышқылына қол жеткізудің күрделенгені себеп болып отыр.