Жаңалықтар

Санкция құрсауында қалған Ресей Қазақстаннан ішкі рейстерін ұйымдастыруға көмек сұрайды

Фото: kursiv.media

АҚШ пен Батыс салған санкция құрсауында қалған Ресей өзіне «достық пейілдегі» мемлекеттерден ішкі рейстерін ұйымдастыруға көмек сұрады. Өйткені ресейлік әуе компанияларының ішкі рейстерге ұшағы жетпей жатыр. Бұл туралы  The Moscow Times басылымы жазады.

Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт Қазақстанның әуе компанияларын Ресейдегі ішкі рейстерге тарту мақсатында келіссөз жүріп жатқанын хабарлаған.

moscowtimes.ru сайтының жазуынша, сөз каботаж тасымалы туралы болып отыр. Яғни шетелдік әуе компаниясы өзге елдің ішкі рейстерін орындайды. Ресейде мұндай құқыққа қазір тек отандық әуе тасымалдаушылары ғана ие.

«Каботаждық тасымалдауға рұқсат беруге ішкі рейстерді орындайтын ұшақ тапшылығы себеп», – деп түсіндірді Старовойт. Ол Қазақстаннан басқа мемлекеттермен де келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан, дегенімен қай елдер екенін нақтыламаған.

Соғысқа дейін ресейлік әуе компаниялардың әуе паркі 850 ұшақтан тұрған. Алайда Oliver Wyman консалтинг компаниясының бағалауынша, 2023 жылдың басында лайнерлер қатары 736-ға дейін қысқарды. Компания болжамы бойынша, Ресейге батыстан ұшақ пен қосалқы бөлшектерді жеткізуге тыйым салған санкциялар салдарынан, 2026 жылға қарай елдегі ұшақ саны екі есе азаюы мүмкін.

Былтыр «Ростех» басшысы Сергей Чемезов РФ Президенті Владимир Путинге қазір ұшып жүрген шетелдік ұшақтар 2025 жылдан бастап қатардан шыға бастайтынын ескерткен. Өйткен оларға күрделі жөндеу жасауға қажет қосалқы бөлшектер тапшы.

Ресей билігі авиация саласын дамытудың ауқымды бағдарламасын іске қосып, шетелдік флотты өз ұшақтарымен ауыстыруды жоспарлаған. Соған сәйкес елдегі жолаушы тасымалдайтын әуе кемелерін шығару екі жылда Кеңес Одағы кезінен бергі рекордтық деңгейге жетуі керек еді: 2026 жылға қарай жылына 120 бірлік қатарға қосылуы тиіс болған. 2028 жылға қарай жылына 200 ұшақпен жаңарып, 2030 жылы жылына жаңа 230 ұшақ шығуы тиіс болған.

Бағдарламаға сәйкес, былтыр ресейлік тасымалдаушылар шетелдік ұшақтарды алмастыратын екі Sukhoi Superjet және үш Ту-214 лайнерін алуы тиіс еді. Ал биыл бірінші үлгідегі 20 ұшақ, екінші үлгідегі 7 ұшақ, сонымен қатар аймақтық 6 MC-21 лайнері, турбовинтті 2 Ил-114-300 қатарға қосылуы керек болатын.

Алайда ресейлік авиация өнеркәсібі екі Ту-214 және бір Ил-96-300 шығара алды. Ал Ресей үкіметі бағдарламаны түбегейлі қысқарту туралы шешім қабылдаған. 2025 жылы бастапқыда жоспарланған 82 ұшақтың орнына небәрі 20 ұшақ шығарылуы мүмкін.