«Отбасы банк» баспана кезегінде тұрғандар тізімін ай сайын ашық жариялап отырады

Жарияланды
отбасы банк
«Отбасы банк» бірыңғай электрондық деректер базасын құрады / Фото: коллаж kursiv.media

Баспанаға кезегінде тұрған адамдардың бірыңғай республикалық электрондық базасы «Отбасы банкке» беріледі. Соның негізінде банк «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» бірыңғай электрондық деректер базасын құрады. Бұл жайлы Сенат отырысында депутат Ләззат Рыспекова айтты.

Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыланды.

«Заң аясында жергілікті атқарушы органдар жүргізетін, 647 мың адамнан тұратын кезек күту тізімдерінің қолданыстағы бірыңғай республикалық электрондық базасы «Отбасы банкі» акционерлік қоғамына беріледі. Бұл ретте «Отбасы Банкі» «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» бірыңғай электрондық деректер базасын жасайды, онда сол немесе басқа санатқа жататынына қарамастан, баспанаға мұқтаждар туралы ақпарат енгізіледі. Бұл ретте жаңа деректер базасы басқа мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияланады», – деді Рыспекова.

Аталмыш базаға тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтер енгізіліп, ол басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланады. Банк осы деректер базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингтеу және өзектендіру жөніндегі функцияларды атқаруды өз міндетіне алады.

Сонымен бірге заң шеңберінде «Отбасы банкін» ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделіп отыр. Бұл ретте «Отбасы банкіне» бірнеше функциялар беріледі. Банк осыған дейін жергілікті атқарушы органдар атқарып келген баспанаға мұқтаж азаматтар үшін тұрғынжайды есепке алу, есепке қою және бөлу сынды функцияларды жүзеге асырады.

Сондай-ақ Бірыңғай республикалық электрондық базада, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында есепте тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың тізімдері ай сайын жарияланып тұрады. Бұл үй кезегінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етеді.

«Сонымен қатар Заң «Отбасы Банкінің» жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй заемдарын беру сияқты мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыра алады», – деді депутат.

Банк өз функцияларын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген ереже негізінде жүзеге асырады.

Бұл заңды Сенат қабылдамай, кері қайтарды.

Айта кетсек, «Отбасы банк» ұлттық даму институты болып қайта құрылатыны жөнінде «Курсив» жазған.

Сондай-ақ оқыңыз