Economic Freedom of the World жариялаған жылдық индекс бойынша, Қазақстан экономикалық бостандық жөнінен екінші санаттағы елдердің қатарында тұр. 2022 жылғы дерек бойынша, 68-орын бұйырған Қазақстан Гондурастан төмен, Монғолиядан жоғары орналасыпты. Екінші санатта Италия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы, Балқан түбегі елдері, Сауд Арабиясы, Мексика, Моңғолия және Оңтүстік Америкадағы бірнеше елдер бар.
БРИКС-тің іргетасы – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай секілді алпауыт елдер үшінші санатқа жатқызылып отыр.
Экономикалық еркін елдердің реті бойынша санамаласақ, Гонконг, Сингапур, Швейцария, Жаңа Зеландия, АҚШ, Дания, Ирландия Канада Австралия және Люксенбург елдері көш бастап тұр. Аталған елдерден бөлек, бұл санатқа Батыс Еуропа мен Скандинавия елдері жатқызылған.
Economic Freedom of the World тұжырымынша, жалпы алғанда, 2000 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта әлемде экономикалық бостандық кеңейе түскен. Содан бері әр үш жыл сайын аясы тарылып отырған. Сөйтіп, ондаған жыл бойы қол жеткізілген нәтиже кері кеткен.
Бұл жерде тағы бір заңдылық анықталды.
Мәселен, экономикалық бостандығы көп елдерде (экономикалық бастандығы аздау елдердің 25 пайызымен салыстырғанда):
Жан басында шаққандағы ЖІӨ 7,6 есе көп. Халықтың кедей бөлігінің 10%-ы сегіз есе көп ақша табады. Орташа есеппен алғанда адам 16 жылға ұзақ өмір сүреді және өміріне қанағаттанушылық деңгейі 40%-ға жоғары.
Жастар арасындағы сауаттылық жан-жақты. Ұлдар мен қыздар арасындағы алшақтық жоқ. Қоршаған орта тазара бастаған. Жыныстық кемсітушілік аз. Жыныстық азшылыққа және иммигранттарға төзімділікпен қарайды.
Экономикалық бостандығы аз 25%-ға кірген елдерде (озық 25 пайызға кірген елдермен салыстырғанда):
Балалар өлімі тоғыз есе көп. Сіңірі шыққан кедейлер 30%-ға артық кездеседі. Балалар 2,5 есе көп жұмыс істеуге мәжбүр. Жемқорлық деңгейі жоғары. 15 пен 24 аралығындағы қыз балалардың тек қана 78%-ы сауатты.
Economic Freedom of the World әлемдегі 165 елдің заңдарын қарастырып, экономикалық бостандықтың деңгейін анықтайды.