Жаңалықтар

Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким Russ компаниясымен біріккеннен кейінгі өзгерістер туралы айтты

Татьяна Ким Wildberries пен Russ компаниялар біріккеннен кейін, капитализация артқанын айтты / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ресейлік Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким өз компаниясы Russ компаниялар тобымен біріккеннен кейін капитализация артқанын айтты.

Алматыда өтіп жатқан BeWoman Орталық Азиядағы әйелдері форумына келген Татьяна Ким Russ компаниялар тобымен бірігу дұрыс шешім болғанына көз жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, екі компания «РВБ» жауапкершілігі шектеулі бірлестігі болып біріккеннен кейін капитализациясының өскен.

«Russ тобымен бірігіп РВБ компаниясына айналғаннан кейін де, өсімнің қарқынды екенін бақылап отырмын. Жалпы РВБ капитализациясы да, жеке Wildberries капитализациясы да артып келеді. Дегенмен бұл уақытша процесс деп ойлаймын, алдағы жылы бірқалыпқа түсіп қалатын шығар», – деді Ким.

Бұған қоса, ол өз өмірінде болып жатқан өзгерістерге қатысты да пікір білдіріп, жақын арада Бакальчук деген тегін өзгертіп, Ким тегін алғаннан кейінгі өмірі туралы айтты.

«Өзімнің арқамнан жүк түсіп, кісен шешкендей сезімде болдым. Қазір менен көп адам осы кезге дейін бәрі жақсы болды ғой, шынымен де ол абьюз болды ма деп сұрайды. Сонда ұзақ бойы жалғасқан қысымға төзіп келгенімді айтқым келеді. Бір анығы бұдан былай төзуге болмайтынын түсіндім», – деді кәсіпкер.

Ол өзінің қоғамнан көрген қысымы бизнеске келуіне де әсер еткенін айтты. Өз компаниясының негізгі тұтынушылары әйелдер екенін, себебі компания әйелдердің бизнеспен айналысуына еркіндік беретінін атап өтті. Бұрын өзін жәй кәсіпкер ретінде көрсе, енді «әйел кәсіпкермін» деп мақтана алатынын айтты.

Татьяна Ким күйеуі Владислав Бакальчукпен бірге негізін қалаған Wildberries компаниясының директоры болып келген. 2024 жылы маусымда компаниясын Russ тобымен біріктіруді жөн көріп, бірлескен «РВБ» ЖШС басқарма басшысына айналған.
Бұған қарсы шыққан жұбайы Владислав Бакальчук Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтан көмек сұраған. Ал Татьяна Бакальчук күйеуімен ажырасатынын айтып, оның тегінен бас тартып, тегін Ким деп өзгерткен.

Қыркүйекте Wildberries-тің Мәскеудегі кеңсесінде атыс болып, 2 адам қайтыс болып, 7 адам жарақат алған. Wildberries ақпаратына сүйенсек, атысты Владислав Бакальчукпен бірге келген адам бастаған. Бакальчук қамауға алынып, кейін Wildberries-тен 350 млрд рубль талап еткен.