Lifestyle

Қазақ тіліне қатысты әзілдеген Черчесов 740 мың теңге айыппұл арқалады

Черчесов 740 мың теңге айыппұл арқалады / фото: KFF.kz

Қазақ тіліне қатысты әзілдеген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов 740 мың теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов хабарлады.

«Черчесовтың әзілдері кейде шектен шығып кетеді, бірақ онымен әңгімелестік, мемлекеттік тілдің маңыздылығын түсіндірдік. Оған айыппұл салынды», – деді Барменқұлов.

Кей ақпарат көздерінің мәліметінше, бапкерге 200 АЕК (740 000 тг) көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, 14 қазанда Қазақстан-Словения ойнынан кейінгі баспасөз мәслихатында Станислав Черчесов журналистің қазақ тілінде қойған сұрағына «Сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?» деп жауап берді. Бұл жауап қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақ тіліне деген құрметтің жоқ екені ретінде қабылданды.

Келесі күні, 15 қазанда, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруді талап етті.

Қазақстан футбол федерациясы кейіннен, бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, Черчесовтің сөздерінің әзіл ретінде айтылғанын мәлімдеді. Федерацияның айтуынша, журналист Бегасыл Сейітқанов француздың ПСЖ клубының формасын киіп, сұрақ қойған кезде, бапкер сол жағдайды қалжыңға айналдырған. Сонымен қатар, федерация Черчесовтың қазақ тіліне және Қазақстан мәдениетіне үлкен құрметпен қарайтынын және қазақ тілін үйреніп жүргенін атап өтті.