Жаңалықтар

Қазақстан Ресей қантына тәуелді болудан қашан құтылады? – АШМ жауабы

Импорт көлемін азайту үшін Үкімет елде жаңа қант зауыттарын салуды жоспарлап отыр / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірісін арттыру үшін бұрын айналымнан шығарылған егістіктерге қант қызылшасын егуді көздеп отыр. Алдағы жылдары қант қызылшасы оңтүстік өңірлерде ғана емес, сонымен бірге Орталық Қазақстанда да егіле бастайды. Атап айтқанда, министрлік Ертіс-Қарағанды каналы бойындағы айналымнан шыққан егістік жерлерге қант қызылшасын салуды жоспарлап отыр. Бұл жайлы KursivMedia редакциясына Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Үкімет Қазақстанның қант импортына тәуелділігін төмендетуді көздеп отыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қант өндірісін 70-80% ұлғайтып, сәйкесінше, импорт көлемін 20-30%-ға төмендету көзделгенін мәлімдеді. АШМ Шаққалиев айтқан көлемге қалай жететінін түсіндірді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен.

Министрліктің хабарлауынша, бұл көлемге шығу үшін қазіргі қызылша егетін өңірлердегі егістік алқабы да, су ресурстары да жеткіліксіз. Осыған байланысты егістік көлемін басқа өңірлер есебінен арттыру көзделген.

«Солтүстік өңірлерде, сондай-ақ Ертіс-Қарағанды каналы бойындағы айналымнан шығарылған жерлерді қалпына келтіру арқылы қант қызылшасының егіс алқаптарын кеңейтуге, шикізат базасын дамытуға, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосып, қант қызылшасын өндірушілер мен өңдеушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету арқылы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, келешекте импорт үлесін 30% көрсеткіштерге төмендетуге қол жеткізу көзделуде», – делінген министрлік жауабында.

Ал егістіктерден жеткізілетін өнімді өңдеу үшін қант зауыттарының жүктемесін арттыру көзделіп отыр. Бұл орайда Үкімет сала инфрақұрылымын дамытып, зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңартады. Өндірістік қуаттарды кеңейту арқылы жұмыс істеп тұрған қант зауыттарын жаңғыртады. Сондай-ақ жаңа инновациялық қант зауыттары салынбақ.

Зауыттар қайда салынады?

Мәселен, Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының қуаты тәулігіне 3 мың тоннаны құрайды. Жаңғыртудан соң, оның қуаты 4 мың тоннаға дейін артады. Ал тек құрақты шикі қантты өңдейтін Тараз қант зауыты қант қызылшасын өңдейтін технологиямен жабдықталады. Министрлік зауытқа инвестиция көлемін тарту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сонымен бірге Павлодар облысында қант зауыты салынады. Министрліктің хабарлауынша, қазіргі күні зауыттың жобалық- сметалық құжаттамасы әзірленген. Бұл жерде зауыт салу үшін инвесторларды тарту жоспарланған.

Одан бөлек Жамбыл облысында да жаңа қант зауытын салу көзделген. АШМ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, екі өңірде жаңа зауыт салу үшін инвестициялық жоба әзірленіп жатқанын хабарлады.

Жалпы Жамбыл облысының өзінде осы бағыттарда 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 2 жоба қант зауыттарын жаңғыртуға бағытталса, 1 жоба жаңа қант зауытын салуға бағытталған.

Ал инвесторлар шетелден тартылады. Қазіргі таңда жауапты министрліктер «Kazakh Invest» АҚ және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, осы жобаларға Түркиядан, БАӘ-ден, Ресей және Франция сынды бірқатар елдерден инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Осы жұмыстар жүзеге асырылған соң, шамамен 5 жыл ішінде импорт үлесін 58 %-дан 17%-ға дейін төмендейді деп күтіледі. Ал отандық шикізатты өңдеу есебінен ішкі нарықты қантпен қамту көлемі 7%-дан 43%-ға дейін артуы тиіс.

Зауыттар қант қызылшасын 2 жыл бұрынғы бағамен қабылдайды

Бір жыл бұрын Жетісу облысының фермерлері «Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алатынын айтып, президентке хат жолдаған болатын. Мәселен, 2015 жылы бір тонна қант қызылшасына 12 мың төлейтін. Ал 2016 жылы 17 мың төлеген. 2022 жылдан бастап 15 мыңнан төлей бастаған. Нарықта қант бағасының өзгергеніне қарамастан, бұл тариф әлі өзгермеген.

Биыл да зауыттар мен шаруалардан қантты осы тарифпен сатып алып жатыр. Бұл орайда министрлік шаруалардың жол шығыны өтелетінін хабарлады.

«Қант қызылшасын өндіруші мен өңдеушілер арасында жасасқан шартқа сәйкес биылғы жылы қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 15 мың теңгені құрайды. Бұдан басқа, облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес жиналған қызылшаның зауытқа дейінгі ара қашықтығына байланысты қосымша көлікпен тасымалдау шығыны өтеледі», – делінген министрлік жауабында.

Ведомство хабарлауынша, зауыттардың жаңғыртылмағаны әрі Ресейден келетін қант импорты елдегі қант өндіру саласына кері әсер еткен. Оның үстіне жылына 2-3 ай ғана жұмыс жасайтын қант зауыттары сыртқы бәсекеге төтеп бере алмаған.

«Әлемдік нарықтағы қант бағасының құбылмалылығы, сондай-ақ ішкі нарықта анағұрлым арзан бағадағы ресейлік қанттың үстемдік етуі бірнеше жылдар бойы отандық қант саласына кері әсерін тигізді. Осы мәселені шешу үшін қант қызылшасының өндірісін ұлғайту, қант зауыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Осы мақсатта қант шикізатын өндірушілерге жыл сайын мемлекеттік қолдау қарастырылады», – деп хабарлайды министрлік.

Еске сала кетсек, депутат Сәкен Арубаев мемлекет субсидиясымен көп егілген қант қызылшасын өңдеуге елдегі 4 зауыттың қуаты жетпейтінін айтып, премьер-министрге сауал жолдаған болатын.