«Отбасы банк» 2025 жылдан бастап мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың алғашқы жарнасын 10%-ға дейін азайтуы мүмкін. Бұл жайлы Сенат кулуарында «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
«Алғашқы жарнаны 10%-ға дейін түсіру мәселесін біз Құрылысшылар қауымдастығымен бірлесіп талқылап жатырмыз. Алғашқы жарна тұрғын үйді толық аяқтап, сатуға ұсынатын компаниялар үшін азаюы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, қазір тұрғын үйге мұқтаж жандар ипотекаға үй алған соң, ол баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тағы несие рәсімдеуге мәжбүр. Бұл «ноу-хау» елде кең етек жайып барады. Сондықтан жөндеу жұмыстарын құрылысшлар есебінен жүргізіліп, азаматтардың қарыздық жүктемесін азайтуды көздеп отырмыз», – деді банк өкілі.
Осылайша банк құрылысшыларды ынталандыруды көздеп отыр. Ибрагимова мұндай өзгерістер 2025 жылдан бастап енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Ал Сенат депутаттарының ипотекалық бағдарламалардың пайыздық мөлшерлемесін де азайту жайлы ұсынысы бюджетке салмақ салатынын айтады.
«Қазіргі таңда «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотека 9%-дық мөлшерлемемен беріледі. Ал әкімдік кезегінде тұрғандардың бұл бағдарламамен 7%-дық мөлшерлемемен үй алуға мүмкіндігі бар. Жалпы 9%-дық мөлшерлеме облигациялар негізінде қалыптасады. Бұл облигациялар нарықта сұранысқа ие. Оның 50 млрд теңгесін БЖЗҚ, 120 млрд теңгесін жеке инвесторлар сатып алды. Банк сол қаражаттың есебінен мөлшерлемеге субсидия жасайды. Депутаттар ипотекалық бағдарлама мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды. Егер бұл мөлшерлемені төмендететін болсақ, сәйкесінше бюджетке түсетін жүктеме артады», – деді банк басшысы.