Бәрін тексеру артықтау болады – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Дубайдағы қазақстандық шенеуніктердің мүлкіне қатысты пікір білдірді  

Жарияланды
Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Дубайдағы жылжымайтын мүлігі бар адамдардың бәрін тексеру артық болады/фото: kursiv.media мұрағаты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистердің сауалына орай қазақстандық шенеуніктердің Дубайдағы мүліктеріне қатысты пікір білдірді.

«Бұл сауалды Бас прокуратурадағы заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасына қойыңыздар. Ол жан-жақты жауап береді деп есептеймін», – деді Сенат төрағасы.  

Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Бас Прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков мұның бәрі жұмыс бабында қаралатынын айтқан.

«Ол активтердің заңсыз жолмен алынғаны анықталса, тізімге енгізіледі немесе олардың қайдан алынғаны туралы нақты жұмыстар жүргізілетін болады. Әрі қарай заң аясында тиісті шешімдер қабылданады. Барлығы заң аясында болады», – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Дубайдағы жылжымайтын мүлігі бар адамдардың бәрін тексеру артық.

«Менің естуімше, Дубайда бес жүздей қазақстандықтардың үйлері, басқа да мүліктері бар көрінеді. Оның бәрін қарау артықтау болатын шығар. Оның ішінде кәсіпкерлер де бар шығар. Кәсібімен айналысып, заңды түрде табыс тауып, тиісті тәртіппен алған азаматтар да бар шығар», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, «жұрттың бәрі заң бұзды» деуге болмайды. Сонымен қатар, аталған комитеттің бұл мәселелерді заң аясында қарастыратынын айтты.   

Сондай-ақ оқыңыз