Жаңалықтар

Тоқаев Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде пікір білдірді

Қазақстан алдағы уақытта әлем сахнасында белсенді рөл атқаруға дайын/фото: akorda.kz

Тоқаев Astana Think Tank форумында Мәскеу мен Киев арасындағы жанжалға қатысты өз көзқарасын ашық айтты. Ол Германия канцлері Шольцпен кездесуі кезінде айтқан ойын тағы да қайталады.

«Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді. Ресейдің әскери қуаты күшті. Путиннің саясатын халқы қолдап отыр», – деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, бұл соғысты тоқтатудың бірден-бір жолы – дипломатия. Сондықтан Бразилия және Қытай ұсынған қақтығысты бейбіт реттеу жоспарын қолдау керек.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, дүниежүзінде жік-жік болып бөліну үрдісі байқалады. Халықаралық ұйымдардың беделі түскен. Осының салдарынан орта державалардың маңызы күшейген. Мұндай жағдайда олар тараптар арасында араағайын бола алады.

Президенттің пікірінше, еліміз өз міндеттемесін қалтқысыз атқарып келеді.

«Біздің халықаралық саясаттағы басымдықтарымыз – тәуелсіздік, мультилатеризм, аймақтық тұрақтылық және дипломатия», – деді Тоқаев.

Қазақстан БҰҰ-ның рөлін жоғары бағалайды. Бұл ұйымды дамудың қозғаушы күші деп таниды.

Сонымен қатар Президент Иранның ядролық бағдарламасы, Сирия мәселесі, және Әзербайжан мен Армения арасындағы жанжал секілді халықаралық түйткілдерді шешудегі Қазақстанның бастамаларын айшықтап көрсетіп берді.

Мемлекет басшысының пікірінше, елдерді үлкен-кіші деп бөлу дұрыс емес. Өйткені әлемді жақсарту үшін олар да үлес қоса алады.

«Қазақстан алдағы уақытта әлем сахнасында белсенді рөл атқаруға дайын», – деп түйіндеді Тоқаев.