Конституциялық сот «атқарушы органдар бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермейді» деген шағымды қарастырып жатыр

Жарияланды
митинг
Өтініш иесінің пікірінше, бұл – конституцияға қайшы/фото: kursiv.media мұрағаты

Конституциялық сот бейбіт жиын өткізуге шектеулердің Ата заңға сәйкестігін тексеру үшін арнайы отырыс өткізді. Қазақстан азаматынан «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңға» қатысты осындай шағым келіп түскен.

Өтініш иесінің пікірінше, бұл – конституцияға қайшы. Осы даулы нормалар азаматтардың конституциялық құқығын бұзады. Себебі, бұл заң атқарушы органдарға шексіз еркіндік береді. Азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруына кедергі жасауға түрткі болып отыр.

Нақтырақ айтсақ, аталған нормалар бойынша, бұқаралық  шаралар немесе құрылыс жұмыстары жасалып жатса, жергілікті билік азаматтарға бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеуге құқылы. Сонымен қатар, билік органдары жиынның орнын, уақытын қалауынша өзгерте алады.

Отырысқа өтініш иесінің өкілдерінен бөлек, парламент депутаттары, бас прокуратура, мәдениет және ақпарат, әділет министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, құқық институттарының өкілдері қатысқан. Судья Б. Нұрмаханов баяндама жасады.

Констициялық соттың шешімі әлі жария болмады. Алдағы уақытта «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымдарында екі тілде жарық көрмек.

Сондай-ақ оқыңыз