Жаңалықтар

Тоқаев Бектеновке Үкіметтің жұмысын жандандыруды тапсырды

Токаев
Тоқаев Бектеновке Үкіметтің жұмысын жандандыруды тапсырды/ фото: Ақорда

17 қазан күні Президентке Премьер-министр Олжас Бектенов есеп берді. Бектенов өндіріс саласында өсім бар екенін айтты. 14 облыста өңдеу саласы жақсы нәтиже көрсеткен. Бюджет түсімі 14,9 трлн теңгені құраған. 

Үшінші тоқсанда басқа елдермен тауар айналымы 91,7 млрд долларға жетті. Сыртқы нарыққа тауар шығару 3,3%-ға артты.

Қаңтардан тамыз айына дейін мына салаларда өсім байқалған:

  • ауыл шаруашылығы – 11,4%,
  • құрылыс – 10,1%,
  • көлік – 8%,
  • байланыс – 6,4%,
  • сауда – 6,3%,
  • өңдеу өнеркәсібі – 4,8%.

Бектенов заңсыз иеленген активтерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатқандарын айтты. Соның есебінен әлеуметтік бағдарламаларды іске қосу, мәдениет, спорт нысандарын салу қолға алынған.

«Жыл басынан бері комиссия 450 миллиард теңгеге жуық активтерді қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдаған. Бүгінде мемлекетке 265 миллиард теңгені құрайтын активтер, соның ішінде ақшалай 177 миллиард теңге қайтарылды. Барлық қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы зор жобаларға жұмсалып жатыр», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Тоқаев Үкімет басшысы Бектеновке әр сала бойынша жұмыста ширатуға тапсырма берді. Оның қатарында экономиканы әртараптандыру, инновацияны жандандыру, инфрақұрылым нысандарын дамытуға басымдық берілмек.