Жаңалықтар

Референдум кезінде «Еркіндік қанаты» байқаушыларын учаскеден шығарып жіберген комиссия шешімін Астана әкімшілік соты заңды деп таныды

Астана әкімшілік соты «Еркіндік қанаты» мүшесінің шағымын мақұлдамады / фото: kursiv.media

6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтті. Халық АЭС құрылысына байланысты сауалға жауап берді. Астана қаласының Алматы ауданы № 2 учаскеде «Еркіндік қанаты» ҚҚ байқаушылары рефрендум барысын бақылаған.

Учаскелік  референдум комиссиясы Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын бұзғаны үшін ғимараттан қоғамдық қор атынан тіркелген байқаушыны шығарып жіберді. Оған қоса №354 учаскелік референдум комиссиясы да «Еркіндік қанаты» белсендісіне қатысты осындай шара қолданған.

Ұйым мүшелері Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірді. Олар комиссия шешіміне наразы екенін айтты.

Бірақ Астана әкімшілік соты комиссия шешімі заң талаптарына сай қабылданған деп есептейді. Іс материалдары негізінде екі байқаушының өзі кінәлі деп таныды.

«Істі қарау барысында бұзушылықтарды анықтау туралы актімен байқаушы У. басқа да байқаушылармен келіспеушілкке келіп, учаскеде тәртіпсіздік жасағаны анықталды. Байқаушы С. сайлау процесіне араласып, өзін агрессивті ұстап, суретке, бейнеге түсіріп, сайлаушылар тізімін көрсетуді талап етіп, үш рет ескерту жасалынған», – деп хабарлады Астана әкімшілік сотының баспасөз қызметі.

Учаскелік  комиссия байқаушы әрекетіне байланысты әкімшілік акті толтырмауына байланысты сот «Еркіндік қанатының» тағы бір мүшесінің әкімшілік талабын орындаудан бас тартты.