Алматыда тойға барған депутат Тұрлыхановтың ұлы тағы да сотталуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жазаны өтеу шартын бұзғаны үшін тағы сотқа тартылады.
Алматыда тойға барған Нұрасыл Болаттың басы дауға қалды. Бұған дейін сот шешімімен екі жылға бас бостандығы шектелген еді. Осы жолы пробация талабын бұзғаны үшін сот отырысы қашан өтетіні беймәлім.
«Іс материалдары сотқа келіп түсті, бірақ сот отырысы әлі тағайындалған жоқ», – деді Алматы сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, ғаламторда Нұрасыл Болаттың Алматыда тойда жүргені туралы бейнежазба таралды. Осыдан кейін қылмыстық атқару жүйесі қылмыскерді бас бостандығынан айыруды сұрайтындарын мәлімдеді.
Нұрасыл былтырғы күзде адвокаттар – Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін сотталған. Көпшілік Нұрасыл қол жұмсаған қызды да жақтаған еді. Нәтижесінде сот депутаттың ұлының бас бостандығын екі жылға шектеді.
Сотталушының әкесі Дәулет Тұрлыханов бұл іске араласпайтынын, осы қылығы үшін баласы толық жауап беретінін айтты.