Жаңалықтар

«Жасыл энергияның тиімді көзі»: Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын бекітті

жасыл энергетика
Фото: envatoelements

Қазақстанда 2030 жылға дейін сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бекіткен құжатта алдағы 5 жылда елімізде сутегі энергетикасын дамыту жоспары жазылған.

Тұжырымдаманы Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Сыртқы істер министрлігі бірігіп әзірледі.

Қазіргі кезде жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуат үлесі – 6%. Тұжырымдамада сутегі энергетикасын дамытуда Қазақстанның әлеуеті жоғары екені жазылады.

Қазақстанда үлкен газ қоры бар. Ал газ сутегі энергетикасын дамытуда қажет негізгі шикізат бола алғанымен, газды бумен түрлендіру әдісі арқылы сутегі энергиясын алу өте қымбатқа түседі.

Сондықтан министрлік күн және жел сынды жаңартылатын энергия көздерін дамыту су электолизі арқылы «жасыл» сутегін өндіруге мүмкіндік береді деп тұжырымдайды.

Қазақстан Еуропа мен Азия арасында орналасқан. Бұл оны Қытай, Жапония және Еуропалык Одақ елдері, атап айтқанда, Германия сияқты таза энергияға сұранысы артып келе жаткан елдерге cyтeгі мен сутегі технологияларын экспорттау үшін ыңғайлы платформа етеді», – делінген құжатта.

Аталмыш құжат құны 50 млрд доллар болатын ауқымды жобаны жүзеге асырумен қатар қабылданып отыр. Немістің Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт құрылысын қолға алған. Жоба осыдан екі жыл бұрын Қазақстан-Германия бизнес форумында таныстырылған.

Зауыт құрылысы әлемдегі ең ірі 20 индустриялық жобаның қатарына енетіні жазылған.

Жоба аясында су тұщыту зауытын, 40 гигаваттық жел, күн станцияларын, қуаты 20ГВт болатын әрі жылына 2 млн тонна «жасыл» сутегін немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіре алатын суды электролиздеу қондырғысын іске қосу көзделген.

Алайда Еуропа елдерінде технологиялық қиындық пен сұраныстың белгісіздігіне байланысты мұндай инвестициялық жобалардан бас тартып жатқаны айтылады. Мәселен, Shell компаниясы Норвегияда төмен көміртекті сутегі өндіру зауытын салу жобасын жапты. Ал Equinor Германияға сутегін жеткізу бойынша неміс RWE бірлескен кәсіпорнынан бас тартса, Данияның Orsted энергетикалық компаниясы өз еліндегі бірнеше жобаны қысқартқан.