Қыркүйек айындағы тұтынушылық шығындар мен жұмыссыздық жөніндегі көрсеткіштер АҚШ экономикасының тұрақты екенін көрсетеді. Ал Қытайдың аяқталмаған тұрғын үйлерге арналған несиелендіру бағдарламасы күтілген нәтижені бермеді. JPMorgan жасанды интеллектіге деген қызығушылықтың артқанын ескеріп, электр энергиясын өндірушілердің акцияларын сатып алуды ұсынды. Осы және өзге де тақырыптар туралы 17 қазан күнгі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыздар.
АҚШ-та бөлшек сауда өсіп, жұмыссыздыққа жәрдемақы алуға берілетін өтініштер саны азайды
CNBC мәліметтері бойынша, қыркүйек айының қорытындысы бойынша АҚШ-та бөлшек сауда 0,4%-ға өсті, тамыз айында бұл көрсеткіш 0,1%-ға артқан болатын. Жаңа мәліметтер сарапшылардың болжамдарынан жоғары болды. Сатылымдар 0,5%-ға өсті. Осылайша, қыркүйек айындағы тұтынушылық шығындар тұрақты деңгейде қалып отыр. Бұл АҚШ экономикасының тұрақтылығын көрсетеді.
Бөлшек саудаға келер болсақ, шығындар күнделікті қажетті тауарлар сататын дүкендерде (+4%), киім-кешек дүкендерінде (+1,5%), барлар мен мейрамханаларда (+1%) өскен. Бұл өсім жанармай құю станцияларындағы сатылымдардың 1,6%-ға төмендеуін өтеді. Сонымен қатар электроника мен тұрмыстық техника (-3,3%) және жиһаз бен үйге арналған тауарлар дүкендеріндегі (-1,4%) төмен сатылымдардың орнын толтырды.
Инвесторлар үшін тағы бір жағымды жаңалық – жұмыссыздыққа жәрдемақы алуға берілетін өтініштердің азаюы. Алғашқы өтініштердің саны 19 мыңға азайып, 241 мыңға жетті. Сарапшылар америкалықтар жәрдемақы алуға 260 мың рет жүгінеді деп болжаған еді.
Тұтастай алғанда осының бәрі АҚШ-тың экономикалық белсенділігінің шамамен үштен екісін құрайтын тұтынушылар әлі де ақша жұмсап жатқанын және еңбек нарығы жаздағы әлсіреу белгілерінен кейін қалпына келе бастағанын көрсетеді.
Қытайдың аяқталмаған тұрғын үйлерге арналған несиелендіру бағдарламасы үмітті ақтамады
Bloomberg хабарлағандай, Қытайдың аяқталмаған тұрғын үй жобаларына арналған несиелендіру квотасын екі есеге жуық ұлғайту уәдесі нарық қатысушыларының арасында үлкен ықылас тудырған жоқ. Бұл жылжымайтын мүлік секторындағы компаниялар акцияларының құлдырауына әкелді. Бағдарламаның жүзеге асырылып жатқан бөлігі өзінің мақсатты нәтижелеріне жете алмады.
«Ақ тізім» деп аталатын компанияларға үйлердің құрылысын аяқтау үшін 2,23 трлн юань бөлінді. Бұл жоспардың бір бөлігі ғана. Ол аяқталмаған үйлерді сатып алушыларға беруді қамтамасыз етіп, ипотекалық несиелерді жаппай бойкоттаудың алдын алуға бағытталған.
Елдегі көптеген құрылысшы көп жылдық қаржылық тапшылықпен күресуде. Құрылыс жұмыстарын тоқтатып, қарыздарын өтей алмай отыр. Nomura Holdings мәліметтері бойынша, Қытайда сатылып қойған, бірақ әлі салынбаған 48 миллионға жуық үйді тапсыру үшін орталық үкіметтен шамамен 3 трлн юань көлемінде тікелей қаржыландыру қажет.
«Саясаткерлер жылжымайтын мүлік секторына қатысты неғұрлым прагматикалық ұстанымда», – дейді Jones Lang LaSalle Inc. компаниясының Үлкен Қытай бойынша бас экономисі Брюс Панг. Олар бұл сектор «экономикалық өсімнің қозғаушы күші де, тежеушісі де болмайды, болашақта тұрақтандырушы рөл атқарады» деп болжайды.
Жаңа ықтимал шаралар қатарында үкіметтің ипотекалық несиелерді 5,3 трлн долларға дейін ішінара өтеуі және екінші үйді сатып алу ережелерін жеңілдетуі бар. Жаңа бастаманың арқасында шамамен 50 млн үй шаруашылығы ипотекалық несиелерден 150 млрд юань үнемдейді деп күтілуде.
Union Bancaire Privee компаниясының басқарушы директоры Вей-Серн Лингтің айтуынша, инвесторлар акцияларды одан әрі өсуге итермелейтін үлкен көрсеткіштерді күтіп отыр. Әзірге күтілген дүниелер шынайы жағдаймен сәйкес келмейді.
ЕОБ өкілдері желтоқсан айында мөлшерлемені төмендетуі мүмкін
Bloomberg деректеріне сәйкес, Еуропалық орталық банк (ЕОБ) өкілдері инфляцияның мақсатты 2%-ға әлдеқайда ертерек төмендетуді қарастыруы мүмкін. Яғни 2025 жылдың бірінші немесе екінші тоқсанында қол жеткізу мүмкіндігіне байланысты желтоқсанда мөлшерлемені тағы да көтермек.
Естеріңізге сала кетсек, бейсенбі күні ЕОБ Еуроодақ экономикасының стагнациясына байланысты жыл ішінде үшінші рет қарыз алу құнын төмендетті. Қазіргі уақытта мөлшерлеме 4%-дан 3,25%-ға дейін кеміді. ЕОБ президенті Кристин Лагард инфляцияның төмендеуінен экономикаға төнетін қауіптер оның өсуінен келетін қауіптен асып түскенін атап өтті.
ЕОБ шешімінен кейін трейдерлер Еуропадағы ақша-несие саясатының әрі қарай жұмсаруына үлкен үміт арта бастады. Инвесторлар бұл жұмсару 2025 жылдың сәуіріне дейін созылады деп болжап отыр. Ал бұған дейінгі болжамда наурызға дейін деп күтілген еді. Кейбір трейдерлер желтоқсан айында мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетуге де бәс тігіп отыр.
JPMorgan электр энергиясы өндірушілерінің акцияларын сатып алуға кеңес береді
JPMorgan өкілдері хабарлағандай, Vistra, Constellation Energy және Talen Energy компаниялары жасанды интеллектпен жұмыс істейтін деректерді өңдеу орталықтарынан келетін электр энергиясына деген сұраныстың «парадигмалық өзгерісінен» пайда көре алады.
Инвестициялық банк аталған үш энергетикалық компанияның акциялары биылғы қарқынды өсімге қарамастан әрі қарай да өсетінін болжады. «Біз өндірісті шеткері аймақтарға ауыстыру, көлік, жылу және тағы басқаларды электрификациялау секілді үрдістер мен деректер орталықтарының дамуын қамтитын құрылымдық өзгерістерді көріп отырмыз. Мұның бәрі электр энергиясына деген сұранысты арттырады», – деп жазды аналитиктер тобының жетекшісі Джереми Тонет. Электр энергиясын жеткізу сұранысқа ілесе алмай, осы компанияларға ұзақ уақыт бойы артық маржа алуға мүмкіндік береді. JPMorgan мәліметінше, Vistra компаниясының акциялары ең тиімді инвестиция болып саналады, оның мақсатты бағасы – 178 доллар, бұл қазіргі деңгеймен салыстырғанда 31%-ға өсу әлеуетін көрсетеді. Constellation акцияларының өсу әлеуеті 22%-ды құрайды, ал биыл екі есе өскен. Talen компаниясының акциялары да екі есе өсті және олар 57%-ға өсуі мүмкін деп санайды аналитикте