Қызылордада экс-министр Қуандық Бишімбаевпен байланысы бар фирмаға ірі мөлшерде шығын келтірген топ-менеджер сотталды. «Интергаз Орталық Азия» АҚ Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы» директорының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Антикордың хабарлауынша, Нұрсұлтан Нұрболатұлы 2,5 жылға сотталды. Топ-менеджер «Шыны зауытын резервтік газбен жабдықтау газ құбырын салу» жобасының сметалық құнын асыра бағалап, жалған актілерге қол қойған. «Orda Glass LTD» компаниясына келтірілген шығын – 60,1 млн теңге.
Ол «Orda Glass LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сметалық құнын асыра бағалау және «Шыны зауытын резервтік газбен жабдықтау газ құбырын салу» объектісі бойынша орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы 60,1 млн теңге сомасында мүліктік залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды», – делінген Антикор хабарламасында.
Одан бөлек, газ құбырын салу барысында жергілікті маңызы бар автожолға зақым келген. Сот мемлекет мүлкіне қасақана зақым келтірді деп тапты. Директордың орынбасары 2,5 жылға бас бастандығынан айырылып, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне 3 жылға тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.
2017 жылы «Курсив» бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Orda Glass LTD және «Шымкенхиммонтаж» компаниялары арқылы Қызылордадағы шыны зауытының құрылысынан 1 миллиард теңге ұрлады деп күдікке іліккенін жазды. Сондай-ақ Бишімбаевқа 346 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды.
2018 жылы экс-министр 10 жылға бас бостандығынан айырылып, 2019 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. Биыл Бишімбаев Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Egov.kz мәліметі бойынша, қазір Orda Glass LTD-ның құрылтайшысы – King Charm Development Limited компаниясы. Бишімбаев сотталған соң, шыны зауытының құрылысын осы қытайлық компания аяқтап жатқаны хабарланған.