Lifestyle

«Барыс» хоккей клубы ең көп айлық төлейтін канадалық Маклаудпен қош айтысты

Барыс хоккей Маклауд
«Барыс» хоккей клубы ең көп айлық төлейтін канадалық Маклаудпен қоштасты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астаналық «Барыс» хоккей клубы тағы үш легионермен қош айтысты. Олардың арасында ең көп жалақы алып келген канадалық Майкл Маклауд та бар.

«Барыс» қорғаушылар Натан Больё, Уилл Бутчер және шабуылшы Майкл Маклаудпен келісімшарттың тоқтатылғаны туралы хабарлайды», – делінген клуб баспасөз қызметі таратқан ақпаратта

Ақпаратқа сүйенсек, клуб келісімшартты бұзғандықтан, үш ойыншыға да өтемақы төлеуі қажет. Клуб легионерлерге алғыс айтып, табыс тілеген.

Айта кетейік, үш ойыншы да «Барыс» құрамына осы жазда ғана келген. Континенталдық хоккей лигасы чемпионатында Больё 8 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берген. Бутчер 15 ойында 3 нәтижелі пас берген. Маклауд 16 кездесуде активіне 6 (3+3) ұпай жазған.

Спортты қолдау қорының мәліметтеріне сүйенсек, Майкл Маклауд «Барыс» сапындағы ең жоғары жалақы алған хоккейші еді. Ол жылына шамамен 1 млн доллар (420 млн теңге) жалақы алатын болған.

«Барыстың» жаңа тағайындалған басшысы Нұрлан Оразбаев клуб легионерлермен қоштасып, енді жергілікті ойыншыларды құрамаға қосуға жоспарлап отырғанын айтқан. 17 қазанда клуб сапынан Даниил Апальков пен Владислав Кодола шығарылған.