Қарағанды облысының Шахтинск қаласында Qarmet жұмысшылары мен жергілікті тұрғындарды бопсалаған қылмыстық топ өкілдері ұсталды.
Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыс аумағында өткен операция барысында тұрғындарды бопсалаған жастар тобы ұсталған. Олардың қатарында бір жаттықтырушы болған.
Бұған қоса, полиция Теміртау, Саран, Абай қалаларында да тергеу жұмыстарын жүргізіп, осыған дейін Qarmet объектілерінен тауарлар мен материалдарды ұрлап, кәсіпорын қызметкерлерін бопсалап келген тағы бірнеше топты қамауға алған.
Қазірдің өзінде аталған факт бойынша 100-ден астам азамат күдікті болып, 39 адам қамауға алынып үлгерген. 3 қылмыстық іс сот қарауына жіберілген.
«150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді», – дейді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі Қуандық Алпыс.