Алматы облысы Талғар ауданында қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Болаттың ісіне байланысты тағы күдікті қамауға алынды. Облыстық полиция департаменті KursivMedia тілшісіне күдікке ілінген азаматтардың саны 11 болғанын растады.
«17 қазанда кәмелетке толмаған Ш.Болатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында тағы бір күдікті – К. есімді азамат ұсталды», – делінген ақпаратта.
Полиция департаменті тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, істі тікелей Ішкі істер министрі бақылап отырғанын хабарлады.
Айта кетейік, осыған дейін Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша 10 адамның қамауға алынғаны белгілі болған. Қылмыстық іске байланысты полиция «Бұзақылық», «Қорқыту», «Адам өлтіру» және «Қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша іс қозғаған.
Бұдан бөлек, Шерзаттың ата-анасының үйіне қойылған өртке байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған.
16 жастағы мектеп оқушысы 4 қазанда дүкен маңында шыққан жанжалдан кейін кісі қолынан қаза тапқан. Істі ІІМ жеке бақылауына алған.