Авто

Алматы полициясы 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелектер үшін айыппұл сала бастайды

Қысқы шинаға ауыспаған жүргізушілерге айыппұл салынады / фото: Алматы полиция департаменті

1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 5-бөлігіне сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Күлбаев мәлімдеді.

Кеден одағының Техникалық регламентіне (ТР ТС 018/2011) сәйкес, жазғы маусымда (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы тікенектері бар шиналармен көлік құралдарын пайдалану тыйым салынса, қысқы маусымда (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы дөңгелектерсіз көлікті пайдалануға болмайды.

Алматы полициясы ауа райының нашарлауына, жаңбыр мен қар түріндегі ықтимал жауын-шашынға, ауа температурасының нөлдік деңгейге дейін төмендеуіне байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелеріне дөңгелектерін қыстыққа ертерек ауыстыруды ұсынады.

Жазғы дөңгелекті айырбастамай жүргендерге 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда айыппұл 10 АЕК-ті (36 920 теңге) құрайды.