Lifestyle

Спорт министрі Черчесовке кешіріммен қарап, бапкердің кәсіби қызметін бағалауды сұрады

Черчесов жайлы спорт министрі пікір білдірді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке кешіріммен қарауды сұрады. Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында жазды.

Министрдің айтуынша, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беру қажет.

«Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболшы әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін», деді министр.

Сонымен қатар спорт министрі бұл мәселені ары қарай өршіте бермей, ақылмен шешуді ұсынды.

«Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік»,  – деді Мырзабосынов.

Бұл мәселеге қатысты Алматылық «Қайрат» футбол клубының экс-ойыншысы Андрей Аршавин де пікір білдірді.

Аршавин Қазақстанда ойнаған ресейлік ойыншы ретінде қазақ халқы өзінің тарихы мен тілін ерекше құрметтейтінін айтып өтті.

«Әрине, қазақ халқы өзінің тілі мен мәдениетін ерекше құрметтейді. Бірақ Черчесовтің адами болмысы сондай, қалжыңдағанды жақсы көреді. Оған ренжудің қажеті жоқ»,  – деп түсіндірді Аршавин.

Айта кетейік, 14 қазанда Қазақстан-Словения ойнынан кейінгі баспасөз мәслихатында Станислав Черчесов журналистің қазақ тілінде қойған сұрағына «Сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?» деп жауап берді. Бұл жауап қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақ тіліне деген құрметтің жоқ екені ретінде қабылданды.

Артынша, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Черчесовпен әңгімелесіп, оған айыппұл салынғаны туралы мәлімдеді.