Алматы көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары қарашада тоқтайды

Жарияланды
Алматы көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары 1 қарашада тоқтатылады / Фото: shutterstock

Алматы қаласында жол жөндеу жұмыстары 1 қарашада аяқталады. Бұл жайлы Түрксіб тұрғындарымен кездесу барысында әкім Ерболат Досаев айтты.

Жиында тұрғындар Алматы көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының қара суық түскенше аяқталмай жатқанын, салдарынан көлік кептелісі ұзаққа созылатынын жеткізді.

«Ауа райы бұзылып жатыр. Қыс жақындап қалды. Қаланың кей көшелерінде жұмыс әлі де аяқталған жоқ. Жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?», – деп сұрады тұрғын.

Әкім жөндеу жұмыстарына ауа райының әсер ететінін, сол себепті күн суытса, жөндеу жұмыстары тоқтайтынын жеткізді. Ал егер ауа райы жылы болса, маңыздылығына қарай жұмыстар жалғасатынын айтты.

«Жөндеу жұмыстарына ауа райы қатты әсер етеді. Сондықтан күндізгі уақытта ауа температурасы жайлы болса, жұмыстар жалғаса береді. Ал орта жөндеу бойынша, негізгі құрылыс жұмыстары 1 қарашадан бастап тоқтатылады», – деді Досаев.

Айта кетейік, бұл жиында қала әкімі метро желісінің шығыс және батыс бағыттарда дамитынын айтқан болатын. Солайша метро желісі шығыс бағытта әуежайға дейін, батыс бағытта «Барлық» базарына дейін жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз