Ресей Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін кіргізуден бас тартқан соң, Үкімет көрші ел тарапымен келіссөздер жүргізе бастаған.
Мәскеуде өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 25-ші Үкіметаралық комиссия отырысында Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчукпен кездескен премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ресей тарапынан карантинге жатқызылған отандық өнімдер импортына шектеулер енгізу мәселесін көтерген.
«Тараптар жағдайды шешу жолдарын жедел әзірлеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар арасында екіжақты консультациялар өткізуге келісті»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Одан бөлек, тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіп, энергетика, транспорт, қаржы, мәдениет, ғылым, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастықты арттыру нәтижелеріне де тоқталған.
Сонымен бірге жиында транспорттық-логистика саласында ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру мәселесі талқыланған. 2024 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, контейнерлермен Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданатын жүк көлемі 63%-ға артқан. Ал екі ел аумағынан өтетін «Қытай – Еуропа – Қытай» бағытындағы тасымалдар 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артқан.
Сонымен бірге екі тарап контейнерлік пойыздардың «Қытай – Қазақстан – Ресей» бағыты бойынша жүк ағынын арттыру үшін Селятино стансасына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін талқылаған.
«2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы $17,2 млрд-ты құрады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, қазан айының басында Ресей тарапы Қазақстаннан кіретін жүк көліктеріне фитосанитарлық сертификат беруды тоқтататынын хабарлады. Олар бұл шешімге карантиндік объектілерге жатқызылатын өнімдер санының артуы себеп болғанын мәлімдеді.
Бұдан соң, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы министрлік тарапынан «Россельхознадзорға» сұрау жіберілгенін, онда Қазақстаннан экспортталатын өнімдерден қандай фитосанитариялық бұзушылықтар анықталғанын нақтылауды талап еткенін мәлімдеді. Министрлік өкілінің айтуынша, көрші елдің ведомствосы бұл өнімдерден нақты қандай қауіпті бактариялар немесе ауру түрлері анықтағанын хабарламаған.