Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметіне қалай тағайындалды және неге кетті?

Жарияланды
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік те, әкімдік те лауазымды қызметкер үшін жауапкершілікті Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жүктеді/фото: Шадияр Өстемір

KursivMedia Аслан Қасымбаевтың осы лауазымды мемлекеттік қызметке қалай тұрғаны, арнайы тексеруден өткені, отбасы жағдайының ескерілген-ескерілмегені жөнінде үш бірдей мемлекеттік мекемеге – Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне, Талғар ауданы әкімдігіне және  Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сауал жолдады.

Әрине, мемлекеттік қызметке кім көрінгенді алмайды. Өмірбаяны жіті тексеріледі. Мұны Талғар ауданы әкімінің аппараты да растап отыр. Жауаптардан аңғарылатындай, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік те, әкімдік те лауазымды қызметкер үшін жауапкершілікті Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жүктеді.

«Мемлекеттік қызметкерлердің өмірбаяны, туыстары, отбасы жағдайы Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне тексерілуге жіберіледі», – деп хабарлады Талғар ауданы әкімдігіндегі қызметкерлерді басқару қызметі бөлімі.

Әкімдіктің және аталған агенттіктің хабарлауынша, бұрынғы аппарат басшысының туыстарының сотталуы лауазымды қызмет атқаруға кедергі болмайды.

«Мемлекеттік қызметкер үшін кедергілер мен шектеулер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 50-бабында айқындалған. Демек осы бапта көрсетілмеген басқа да жағдайлар мемлекеттік қызметшінің жұмысқа орналасуына кедергі бола алмайды», – дейді Талғар ауданы әкімдігі.

Әкімдіктің хабарлауынша, Аслан Қасымбаев «Талғар ауданы әкімінің аппараты» ММ-нің аппарат басшысы лауазымдық қызметіне, біліктілік талаптарына сәйкес, ішкі конкурс нәтижесінде 2024 жылдың шілде айының 21-нен жұмысқа қабылданған.

Сондай-ақ аудан әкімінің 2024 жылғы 15 қазандағы №10-536-өк өкімімен, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Касымбаев жеке өтініші негізінде өз еркімен қызметтен босатылыпты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті өткеру департаментінің дерегінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін, оған қайтадан кіретін азаматтар ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнаулы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.

«Азаматтарды мемлекеттік қызметке тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелерін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады», – деп жазды департамент өкілдері.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі Қасымбаевтың жеке басы туралы нақты ақпарат бермеді. Бірақ мемлекеттік қызметке қабылдану сәйкестігін анықтау үшін арнайы тексеру іс-шаралары жүргізілгенін алға тартып отыр.  

«Мемлекеттік қызметкерлердің туыстарының қылмыстық іске тартылғаны немесе сотталғаны мемлекеттік қызметкерлердің мансабына әсерін тигізетіні не тигізбейтіні туралы ақпарат ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне жатпайды», – деп хабарлады ҰҚК-ның Алматы облысы бойынша департаменті.

Айта кететін жайт, Талғар қаласындағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін, ел арасында «хуторлықтар» туралы ақпарат тарады. Бұл топтың жетекшісі ретінде Хасан Қасымбаевтың аты аталды. Алматы облысы полиция департаменті «Талғар іргесінде бұрын «хутор» деп аталған елдімекен бар, бірақ ондай қылмыстық топ жоқ» деп есептейді. Хасан Қасымбаевтың өзі де бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін, ешқашан заң бұзбағанын, жауапқа тартылмағанын айтты.

Десе де, кеден қызметкерін өлтірген Ержан Қасымбаевтың қазір 15 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырғаны анықталды. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлын жерлеген соң, түрмеден әлдебіреу қоңырау шалып, өзін «хуторлық Еркош» деп таныстырып, қоқан-лоқы жасағанын айтты.

Шерзат оқиғасы кезінде аталған отбасының тағы бір мүшесі Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып лауазымдық қызмет атқарып отырды. Үш күн бұрын ғана қызметінен кетті.

Мұның алдында Талғар ауданы Бірлік ауылының бесендісі Мақсат Кенжебаев 2019 жылы үйінің өртенуіне Аслан Қасымбаевтың қатысы болуы мүмкін деген күдігін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз