Ресей Қазақстанның бидай импортына тыйым салғаннан кейін, гүл тасымалдауға да шектеу қойды
18 қазан күні Ресей Федерациясы 21 қазаннан бастап Қазақстаннан гүл алып келуге тыйым салатыны белгілі болды. «Россельхознадзор» уақытша шектеу себебін түсіндірген. Мекеме Ресейдің достығында жоқ мемлекеттерден тасымалданған гүлдерге Қазақстан фитосанитариялық сертификат беріп отырғанын ескерткен.
«Қазақстан гүлдердің көп бөлігін Голландия, Польша және Бельгиядан қайта экспорттайды. Алайда бұл елдердің құзырлы органдары өнімнің қауіпсіздігіне бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді», – делінген Ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау федералды қызметі сайтында.
«Россельхознадзор» бір жағынан ЕАЭО елдерінен Frankliniella occidentalis Pergande өсімдік ауруының 43 дерегі тіркелгенін, содан қауіптенетінін мәлімдеді.
Ресей Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен ірі қара мен ұсақ мүйізді мал тасуға да тыйым салды. Көрші ел блютанг ауруынан сақтанып отыр.
«Бұл тыйым ЕО карантиндік учаскелерінен мал алатын ресейліктерге бағытталмаған. Шектеу Федеральды қызмет мамандары тексермеген жануарларға қатысты. ЕО елдері «Россельхознадзорға» эпизоотиялық жағдай мен осы аурумен күресу шаралары туралы ақпарат бермейді», – деп түсіндірді «Россельхознадзор».
Аталған мекеме Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымының мәліметін алға тартқан. Жыл басынан бері 14 елде – Аустрия, Бельгия, Чехия, Дания, Франция, Германия, Греция, Италия, Люксембург, Нидерланды, Норвегияда блютанг ауруына қатысты 1139 ошақ тіркелді.