Қазақстандық финтех Kaspi.kz шамамен 1,13 млрд долларға Түркияның ірі маркетплейсі – Hepsiburada акцияларының 65,41%-ын сатып алмақ.
Kaspi.kz компаниясы түрік интернет-дүкенінің үлесін сатып алатыны 18 қазанда белгілі болды. Қос тарап Hepsiburada акцияларының шамамен 65%-ын сату-сатып алу туралы келісімге қол қойған.
Мәміле аяқталғаннан кейін екі компания да өз брендтері мен операциялық құрылымдарын сақтап қалады.
«Біз Kaspi.kz пен Hepsiburada-дағы білім мен технологияларды біріктіріп пайдалана отырып, Қазақстан мен Түркиядағы электрондық коммерция мен цифрлық қызметтерді ілгерілете береміз. Қазақстандық және түрік кәсіпкерлері екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерден пайда алатынына сенімдімін», – деді Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.
Мәміле құны шамамен $1 127 миллионды құрайды. Түркияның реттеуші органдарынан рұқсат алған соң, 2025 жылдың І тоқсанында толық жабылады.
«Бүгінгі күн мен 24 жыл бұрын құрған Hepsiburada Group үшін маңызды кезеңді білдіреді. Түркияның цифрлануы мен электронды коммерциясының бастаушысы ретінде Hepsiburada Қазақстанның нарықтық капиталдануы ең ірі компаниясы Kaspi.kz-пен бірге қызықты жолға шыққалы тұр», – деді Hepsiburada-ның негізін қалаушы және Директорлар кеңесінің төрағасы Ханзаде Доған.
Қазіргі кезде маркетплейстің 10 мың қызметкері бар. 2023 жылы Hepsiburada қызметтерін 12 миллионнан астам сатып алушы және 101 мың серіктес-дүкен пайдаланды. Компания платформасы арқылы сатылған тауарлардың жалпы құны $4 млрд құрады.