Research

Қазақстан ұлттық экономиканы дамытуға аз қаржы жұмсап отыр

Фото: kursiv.media

Кейінгі бірнеше жылда мемлекетті ұстап тұруға кететін шығындар күрт өсті. Бұл шығындарға қарыздарды төлеу, тікелей ақшалай трансферттер, жалақы, зейнетақы және стипендиялар жатады. Сонымен бірге экономикалық өсуді қолдайтын капиталдық шығындар азайып барады. Мұндай шығындардың «көтермелеуші күші» бар болғандықтан, оларды өнімді немесе даму бюджеті деп те атайды.

2024 жылдың тамыз айында Қазақстан үкіметі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. Өкінішке қарай, онда қазынаның күрделі шығындары нақты көрсетілмеген. Алайда жанама көрсеткіштер алдағы бір-екі жылда өнімді шығындардың қарқынды өсімін күтудің қажеті жоқ екенін аңғартты.

Даму жөніндегі сын-пікірлер

Даму бюджетінің қысқаруына тек тәуелсіз экономистер тарапынан ғана емес, кейде мемлекеттік органдар жариялаған аналитикалық құжаттарда да сын айтылады.

Мысал ретінде 2020 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі үкімет есебіне берілген Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қорытындысынан үзінді келтірейік: «Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұрынғыдай шығындардың негізгі бөлігі, яғни 61%-ы ағымдағы шығындарға жұмсалды. Тек 15%-ы ғана экономиканың дамуына тікелей әсер ететін шығындарға бөлінді: нысандарды салу/қайта жаңарту, ақпараттық жүйелерді құру/дамыту, өңірлерді дамытуға арналған мақсатты трансферттер, несиелендіру, субсидиялар», – делінген құжатта.

Есеп авторларының бағалауы бойынша, бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға, жаңа технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық өндірістерді құруға қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ экономиканы цифрландыруды аяқтау да мүмкін емес. 2020 жылғы ЖАП есебінде даму бюджетіне күрделі шығындар, қарыздарды өтеу, субсидиялар, бюджеттік несиелер және қаржылық активтерді сатып алу кірген.

2021 жылғы осындай құжатта даму бюджетінің қысқаруы тренд ретінде атап өтілген. Бірақ бір ескерту бар: бұл құжатта даму бюджеті басқаша есептелген. Оған күрделі шығындар, бюджеттік инвестициялық жобаларға арналған шығындар және дамытуға арналған мақсатты трансферттер енгізілген. Құжатта «Экономикаға тікелей әсер ететін немесе даму бюджеттері 2021 жылы 1,4 трлн теңгені немесе жалпы шығындардың 9%-ын құрады» делінген.

2024 жылдың жазында сарапшылармен болған ұзақ әрі жан-жақты талқылаудан кейін Мемлекет басшысының қолымен 2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспары қабылданды. Бұл құжаттың авторлары да соңғы онжылдықтағы өнімді шығындардың қысқару мәселесіне назар аударған. Бірақ олар есептеу базасы ретінде республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, олардың арасындағы өзара есеп айырысу операцияларын есептемеген мемлекеттік қазынаның күрделі шығындарын алған.

«Соңғы жылдары мемлекеттік шығындардың басымдықтарының ағымдағы шығындарды арттыруға қарай ауысу тенденциясы қалыптасты. Нәтижесінде өнімді шығындар 2013 жылғы 12,5%-дан 2022 жылы 9,2%-ға дейін төмендеді», – делінген Ұлттық даму жоспарында. Дегенмен, келесі бес жылда ел қалай дамуы керек деген стратегиялық мақсаттар көрсетілген құжатты әзірлеушілер бұл жағдайды өзгерту үшін іс-қимыл жоспарын ұсынбаған.

Баяулап барып басылған

Ресми құжаттарда даму бюджетінің әртүрлі қалыптастыру әдістемелері кездесетіндіктен, терминдер жөнінде келісіп алған дұрыс. ҚР Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің орындалуы туралы статистиканы үнемі жариялап отырады, бұл деректер әртүрлі құрылымдарда ұсынылады. Олардың бірі – шығындардың экономикалық жіктемесі бойынша республикалық бюджеттің орындалуы. Онда мемлекеттік шығындар «ағымдағы» және «күрделі» шығындар деп бөлінеді.

Kursiv Research республикалық бюджеттің күрделі шығындарына негіздеп, бұл деректерді даму бюджеті ретінде қабылдады. Кейінгі он жылдағы республикалық бюджеттің орындалу статистикасынан бірнеше маңызды бақылауды атап өтуге болады. Ең бастысы, ресми құжаттарда көрсетілгендей, даму бюджетінің үлесі қысқаруда.

2014-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет құрылымындағы күрделі шығындардың үлесі 15%-дан 11%-ға дейін азайды. Аталған төмендеу 2015 жылы басталып, келесі үш жыл бойына жалғасты.

2015 жылы Қазақстан экономикасы мұнай бағасының екі есе құлдырауы мен Ресейге қарсы санкциялардың жағымсыз салдарларына байланысты қиын жағдайда болды. Сол кезде ағымдағы шығындар 8%-ға өсті, ал күрделі шығындар 23%-ға қысқарды.

2016 жылы мұнай бағасының ұзаққа созылған төмендеуі мен 2015 жылдың тамызындағы теңгенің девальвациясынан кейін ішкі сұраныстың әлсіреуі Қазақстан экономикасына әсерін жалғастырды. Сол себепті 2016 жылдың қорытындысы бойынша өнімді шығындар деңгейі өзгеріссіз қалды, ал ағымдағы шығындар 20%-ға өсті.

2017 жылы Қазақстан экономикасы қалпына келе бастады, бұл даму бюджетінің 17%-ға өсуіне әкелді. Бірақ ағымдағы шығындар одан да жылдам өсіп, бірден 37%-ға артты. Келесі жылы ҚР Қаржы министрлігі республикалық бюджет шығындарының жалпы қысқаруын тіркеді: күрделі шығындар 16%-ға, ағымдағы шығындар 13%-ға төмендеді.

Кейінгі төрт жылда республикалық бюджет құрылымында күрделі шығындар ағымдағы шығындардан жылдам өсе бастады. Бұл өсім, әсіресе, 2020 жылғы дағдарыстан кейін басталып, 2021 жыл бойына жалғасты. Орташа есеппен алғанда, 2020-2021 жылдары күрделі шығындардың өсімі 15% болды. Бірақ даму бюджетінің пайдасындағы артықшылық өте аз – 1%-дан аспады.

Келесі екі жылда күрделі шығындар жедел қарқынмен өсіп, орта есеппен 40%-ға артты, ал ағымдағы шығындар 21%-ға өсті. Мұндай өсім Ұлттық қордан рекордтық қаражат алудың арқасында орын алды.

Кейінгі он жылда капиталдық шығындардың құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. 2014 жылы республикалық бюджеттің барлық күрделі шығындадағы даму шығындарының үлесі 68%-ды құрады. Негізгі құралдарды, материалдық емес және биологиялық активтерді сатып алуға 20%, негізгі құралдарды күрделі жөндеуге 12% бөлінді. 2023 жылы бұл үлестік бөлініс өзгермеді: даму шығындары 68%, негізгі құралдар мен активтерді сатып алуға 25%, күрделі жөндеуге 7% жұмсалды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, республикалық бюджеттегі күрделі шығындардың басым бөлігі даму шығындарына арналған. 2014 жылы даму шығындарының 59%-ы жол құрылысына, 32%-ы жаңа нысандарды салуға және бар нысандарды қайта жаңартуға жұмсалды. 2023 жылы бұл қатынас өзгеріп, 83% жаңа нысандар мен қайта жаңартуға, 14% жол құрылысына кетті.

Инвестициялардың құлдырауы

Тамыз айының соңында ҚР Қаржы министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. Алдыңғы заң жобаларынан айырмашылығы, ағымдағы құжатта күрделі шығындар бөлек көрсетілмеген, бұл даму шығындарының динамикасын талдауды қиындатады.

Сонымен қатар құжатта республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялар туралы статистика келтірілген. Бұл экономикалық тұрғыдан күрделі шығындарға жақын көрсеткіш. Біріншісінде қаражаттың бөліну арналары туралы айтылса, екіншісінде экономикалық жіктемесі туралы сөз болып отыр.

2025 жылға арналған бюджет инвестицияларының көлемі 1,9 трлн теңге деп жоспарланған. Олардың ең көп үлесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тиесілі, оған 771,8 млрд теңге бөлінеді.

Әртүрлі жол құрылысына бағытталған бағдарламаларды қосқанда едәуір сома шығады. Бірақ олардың барлығы бір ғана шығын әкімшісі –Көлік министрлігі арқылы жүзеге асырылады. Бұл шамамен 320 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасына 181 млрд теңге бөлінеді.

Алайда 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында бюджет инвестицияларының күрт қысқаруы жоспарланған. 2026 жылы бұл көрсеткіш 348 млрд теңгеге, ал 2027 жылы 153 млрд теңгеге дейін төмендейді.

Бюджеттің келесі нұсқаларында аталған көрсеткіштер өсуі мүмкін. Өйткені жаңа құрылыс және қолданыстағы нысандарды қайта құру ұзаққа созылуы ықтимал, бұл қосымша қаржы бөлуді қажет етеді. Сонымен қатар келесі жылы үкімет жаңа ірі инвестициялық жобаны бастауға ниеттенуі мүмкін. Дегенмен, құжатта көрсетілген тренд орта мерзімді перспективада өнімді шығындардың күрт өсуіне жағдай жасауға қатысты үкіметтегі пессимистік көзқарасты көрсетеді.