Жаңалықтар

Әлемдік нарықта бидай мен арпаның бағасы өсіп жатыр

Қара теңіздегі бидай бағасы қазір тоннасына 250 долларға дейін өсіп отыр / фото: kursiv.media мұрағаты

Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша, орақ түскен кезде, шілде айынан бастап, Қара Теңіз порттары арқылы таралатын Ресей бидайының  бағасы 216 АҚШ доллары болған еді. Логистика құны – тоннасына 90 АҚШ доллары. Мұны есептен шығарғанда, қазақстандық бидайдың орташа бағасы 61 мың теңге болмақ. Ал Қара теңіздегі бидай бағасы қазір тоннасына 250 АҚШ долларына дейін өсіп отыр. Теңгеге шаққанда, бұл – 78 мың теңге деген сөз.

Экспорттық бағаның көтерілуі Ресей нарығындағы бидайдың құнына әсер етіп отыр. Айталық, Омбы облысында 3 сыныпты бидай 14,5 мың рубльге сатылып жатыр. Жеткізу шығынын, қосымша құн салығын ескергенде, ресейлік бидайдың тоннасы еліміздің солтүстік өңірлерінде 84 мың теңгеге сатылып жатыр.

Ал қазақстандық баға 74-81 теңге шамасында. Демек отандық диқандар нарықта мықты бәсекелес бола алады. Орталық Азия елдері ресейлік баға бойынша сатып алуды ұсынып отыр. Тоннасына 65-70 мың теңге. Желімшесі 23%-дық бидайдық құны тоннасына 75 мың теңгеге шығуы ғажап емес. Себебі бұл нарық үшін бидайдың басқа балама көздері жоқ.

Арпа бағасына қатысты ахуал да осындай. Бұл дақылдың Қара Теңіздегі экспорттық бағасы 206 АҚШ долларына жетті. Баға бұдан әрі де өсе түсуі бек мүмкін. Ақтау портындағы көрсеткіш – 165/168 доллар/тонна. Болжам бойынша, жоқ дегенде 175-185 АҚШ доллары/тонна деңгейіне өсуі тиіс. Онда арпаның тоннасы 47-50 мың теңге емес, 55-60 мың теңге болмақ.