Бішкекте өткен Түркі мемлекеттер ұйымы шеңберіндегі бас қосуда вице-премьер Нұрлан Байбазаров Қазақстанның түркі интеграциясына ерекше назар аударатынын, сындарлы ұсыныстарды мақұлдауға әзір екенін жеткізді.
Ол Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде құрылған Түркі инвестициялық қорының қызметіне ерекше тоқталды. Бұл қор одақтастар арасындағы экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға игі септігін тигізеді.
«Елдеріміздің қарқынды өсуі мен өркендеуі үшін капиталдарды, технологиялар мен таланттарды тартуға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды», — деді Нұрлан Байбазаров.
Түркі елдерінің министрлері Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады. Әсіресе, жасыл қаржы жөніндегі кеңесін, Орталық банктер кеңесін құру туралы ұсынысы жылы қабылданған.
Бұл жиында экономикалық даму мәселелері басты тақырып болды. Бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыру жайы сөз болды.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті бас қосуы қасиетті Түркістанда өтпек. Тағы бір жаңалық – жуырда «Тұран» арнайы экономикалық аймағы ашылмақ. Бұл жоспар да ұйымға мүше елдер тарапынан қолдау тауып отыр.
Түркі мемлекеттері ұйымының тарихы 2009 жылдан бастау алады. Ол кезде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп аталған еді. 2021 жылы қазіргі атауға ие болып, қайта құрылды.
2024 жылдың 8 айында еліміз осы ұйымға мүше елдермен 7,2 млрд доллар көлемінде сауда-саттық жасаған. Бұл ұйым биыл ерекше қарқынмен жұмыс істей бастады. Түркі инвестициялық қоры, бірлескен қаржы институттары құрылып отыр. Түркі әлемде экономикалық интеграция туралы сөз қозғалып жатыр.
Жалпы, Ұйымның 5 мүшесі бар. Атап айтқанда, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан. Және 2 ел – Мажарстан, Түрікменстан бақылаушы болып отыр.