Жаңалықтар

Еуразиялық экономикалық одақ құрамында бағалы металлдар бар шикізаттың кейбір түрлеріне төленетін баж салығын алып тастамақ

Қазір бұл тауарларға 3-тен 15%-ға дейін баж салығы төленеді / фото: kursiv.madia мұрағаты

ЕАЭО құрамында бағалы металдар бар шикізаттың кейбір түрлеріне салық бажын үш жылға дейін алып тастауды қарастырып отыр. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.

Комиссия дерегінше, енді 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін бағалы металдардың қосындысы бар минералдарға кедендік құнның 0 пайызы көлемінде баж бекіту туралы шешім қабылданған.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеден-тарифтік және тарифсіз реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарянның айтуынша, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақта бағалы металл нарығында шикізат қоры жеткіліксіз. Бұл өндіріс қуатын толық жүктеуге кедергі келтіріп отыр.

«ЕАЭО-ның кейбір мемлекеттеріне салынған экономикалық шектеулерді ескере отырып, бизнес жаңа елдерден өнім жеткізу жүйесін құрып жатыр. Алайда, баж салығын төлеу мұндай тасымалды шығынға батырып отыр», – дейді Ваагн Казарян.        

Оның сөзіне сенсек, кеден-тариф реттеудің мақұлданған шарасы шектеулерге қарсы тұруға көмек береді. Өңдеуші мекемелердің дамуына жәрдемдеседі. Бәсекелестікті арттыруға себепкер болады.

Қазір бұл тауарларға 3-тен 15%-ға дейін баж салығы төленеді.