Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов баспасөз мәслихаты кезінде қазақ тілінде сөйлеген тілшіге: «Сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?» ,- деп не үшін айтқанын түсіндірді. «Спорт-Экспреске» берген сұхбатында осы мәселеге тоқталған.
«Ел алдында сөз сөйлеген кезде мен әрдайым өзімнің не айтып тұрғанымды жақсы білемін. Әзілімді түсінбесе, онда менен ағаттық кеткені», – деді Черчесов.
Жұртшылық Черчесовтің сөзін қазақ тілін құрметтемеу деп түсінген. Сондықтан қоғамның наразылығын тудырды. Тіпті Спорт және туризм министрлігі футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті. Қазақстанның футбол федерациясы болса, бас жаттықтырушымен әңгімелесіп, оған 738 400 теңге айыппұл салғанын хабарлады.
Черчесов мұны әзілге балап отыр.
Мұның алдында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов оған кешіріммен қарауды, кәсіби қызметін бағалауды сұрағаны туралы жазғанбыз.