Lifestyle

Автокөлік тозбасын десеңіз – көлік салонын күтіп ұстау бойынша кеңестер

Автокөлік күтімі
Автокөлік күтіміне кеңестер / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Автокөлік — үнемі күтіп ұстауды талап ететін мүлік. Көлікті үнемі тазалап отырып, ұқыпты ұстау оның сырт көрінісіне ғана емес, сізге барынша ұзақ қызмет етуіне де әсер етеді. Әсіресе, көлік шанағының күтіміне ерекше мән беру қажет. Кез келген адам көлік сатып аларда оның шанағының жағдайына мән береді. Бүгінгі материалымызда көлік күтімі бойынша кеңес беріп, шанағына, көліктің ішкі жағына, тез тозып кететін элементтерге тоқталамыз, сонымен қатар мезгіл бойынша күтім ерекшеліктері жайлы да мәлімет береміз.

Көлік шанағын күтіп ұстау. Бұның маңызы неде?

Автокөлік шанағы кір, шаң, ауа райы жағдайлары және жолдардағы химиялық заттар сияқты сыртқы факторларға өте сезімтал келеді. Тиісті күтім жасалмаса, жабын зардап шегуі мүмкін, ал бояу қабатының зақымдануы коррозияны тездетеді, бұл автомобильдің құнын төмендетеді және жөндеу шығындарын арттырады.

Көлік шанағын қалай дұрыс тазалау керек?

Жуу – көлікті күтіп ұстаудың ең негізгі кезеңі. Бірақ оны да дұрыс істей білу керек. Көлікке зақым келтіріп алмау үшін жуғанда мына қағидаларды есте ұстаңыз:

  1. Көлікті жүйелі түрде жуып отырыңыз. Көлікті үнемі аптасына кемі екі рет, ал қыстыгүні аптасына бір рет жуып тұруға дағдыланыңыз.
  2. Жұмсақ материалдарды пайдаланыңыз. Қатқыл щеткалар мен қарапайым ысқыш көлік жабынын сырып тастауы мүмкін. Сондықтан оның орнына жұмсақ ысқыш пен микрофибра майлықтарын қолданыңыз. Таңертең шанаққа тұрып қалған қарды щеткамен сүрту әдетінен де арылғаныңыз жөн. Себебі, щетканың қатты қылшықтары пластикке де, шанақ бояуына сызат түсіреді. 
  3. Көлік жууға арналған сұйықтықтың дұрысын таңдай алуыңыз да маңызды. Жабынның лакталған бетін өшіріп тастауы мүмкін қарапайым сабынның орнына арнайы автосусабын сатып алуға кеңес береміз. 
  4. Дискілерді тазалау үшін де арнайы сұйықтық сатып алу қажет. Себебі дискілер мен дөңгелек ең көп кір жинайлы, оны тазалау үшін металлға зақым келтірмейтін арнайы сұйықтық қолданған жөн.

Көлік шанағын коррозиядан қалай қорғаймыз?

Коррозияны болдырмау үшін, әсіресе қыста, коррозияға қарсы жабын мен кузовты қорғауға арналған қосымша құралдарын қолдануға болады. Тот басудың алдын алуға көмектесетін бірнеше қарапайым амал да бар. Мысалы, әр үш-төрт ай сайын кузовты балауыз жабынымен оратып отыруға болады. Бұл кузовты кірден және судан қорғайды. Сонымен қатар көлігіңізге кіщкентай болсын сызат түскенін байқасаңыз да, бірден жөндеп тастауға асығыңыз. Себебі аяғы тот басуға ұласып кетуі мүмкін.

Көлік түсін жылтырату(полировка) және түсті оңып кетуден қорғау

Көлікті жылтыратып, қосымша қорғау қабатын жасату арқылы оның сырт көрінісін жақсарта аласыз. Сонымен қатар осының арқасында кузов сізге көп жылдар бойы қызмет етеді.

Жылтырату (полировка) қызметі көліктің түсін қанық етіп, ұсақ-түйек сырық-сызықты кетіріп, осы сияқты өзге де ластануға көлікті төзімдірек етеді.

Кермаикалық жабын. Кузовты қорғаудың тағы бір тиімді түрі — керамика. Ол шаң мен кірді ұстап қалады, соның арқасында көлікті ұсақ сызаттардан сақтайды. Бұл қызмет үшін нағыз маман көмегіне жүгініп, кузовты жақсылап дайындау қажет.

Көлік салонын күтіп ұстау

Көліктің ішкі жағын қалай күтіп ұстаймыз?

Көлік салоны таза болғаны жолаушыларға жайлылық сезімін сыйлайды. Мұндай көлікте отыра бергің келеді. Салонды таза ұстау көлік қаптауы мен оның өзге ұсақ бөлшектерінің ұзақ қызмет етуіне де әсер етеді. Көлікті жиі тазалап отырсаңыз, жаман иіс те шықпайды, кір де жиналмайды.

Сондықтан салонды үнемі тазалап отыру керек. Орындық пен кілемшелерді кемі аптасына бір рет шаңсорғышпен тазалап алыңыз. 

Қаптауға арналған арнайы сұйықтықты пайдаланыңыз. Орындықтың түріне қарай былғары немесе матаға арналған арнайы өнім сатып алған дұрыс.

Көлік салоны түрлі иісті тез сіңіріп алады, сондықтан үнемі желдетіп отырудың маңызы зор. Ол үшін жиі-жиі желдеткіш торларын тазалап отыру керек. Бұл торлар әдетте барлық шаңды жинап алып, кейін ол бүкіл салонға тарайды. Желдеткіштердің кемі айына бір рет тазалап отыру керек.

Хош иістендіргіштерді қолданудың да маңызы зор, себебі олар салонға тазалық иісін беріп қоймай, сапардан өалған жағымсыз иісті де басады.

Көлікті қысқы маусымға дайындау

Көлік әдетте қыстыгүні қатты тозып қалуы мүмкін. Сондықтан жазда жасаған күтіміңіз еш кетпеу үшін, қыста күтімді жақсарта түскен дұрыс. Қыста жиналған тұз бен химиялық заттардан тазалау үшін көлікті жиірек жуу қажет. Қысқа арналған арнайы кілемшелер сатып алыңыз. Мұндай кілемешелер резеңке матадан жасалады әрі оны жуу да оңай, кебуі де тез. 

Көлігім тозбасын десеңіз: Көлік күтіп ұстау жолдары жайлы тағы бернеше кеңес

Көлікті жуғанда су температурасы 60 градустан аспауы керек. Себебі тым ыстық су шанақтың лакталған бөлігіне кері әсер етеді. 

Көлік шанағы тозбас үшін, терезелерді, әйнектерді үнемі таза ұстаңыз. Алайда оның бәрін жуу үшін химиялық еріткештерді қолданудан бас тартыңыз. Әсіресе, көлік шамдарының әйнегін тазалағанда абай болыңыз. Себебі химиялық еріткіштер шамның жарық беру функциясына зақым келтіруі мүмкін. 

Көліктің резеңке тығыздағыштарын да мұқият болыңыз. Есіктер мен терезе саңылауларына арналған резеңке тығыздағыштар резеңке күтім құралдарымен үнемі өңделсе, серпімді болып қалады. Бұл сонымен қатар тығыздағыштардың жылдам тозуын және олардың тығыздығын жоғалтуды болдырмайды.

Тежеу жүйесіне назар аударыңыз. Тежегіш жүйесі жазда әжептәуір жұмыс істейді, сондқытан тозып кетуі де бек мүмкін. Оның элементтерінің немесе тежегіш сұйықтықтың қызып кетуіне байланысты проблемалар туындауы мүмкін. Сондықтан тежегіш жүйесінің жай күйін үнемі тексеріп отырыңыз.

Көліктің жалпы жағдайы жақсы болуы үшін әр бөлшекке асқан мұқиятпен қарау керек. Сондықтан күтімді қажет ететін тағы бір дүние – қуаттағыш (аккумулятор). Жазда аккумулятордағы сұйықтық жылдың басқа мезгіліне қарағанда бірнеше есе жылдам буланады. Бұл көлікке керіс әсер етуі мүмкін, сондықтан түрлі ақаудың алдын алу үшін электролит мөлшерін бақылап отыру қажет.

Темір тұлпарыңыз жолда қалдырмасын десеңіз, жанармайды дұрыс толтыру қажет екенін білгеніңіз жөн. Бір қараған бұдан оңай не бар деп ойлауыңыз да мүмкін. Алайда бакты толтырғанда да ақылға жүгінген абзал. Себебі ыстық ауа райында жанармай созыла түседі. Цистернаны толығымен толтырсаңыз, жанармай багынан бензин ағып кетуі мүмкін. Сондықтан жазда резервуарды толық толтыру ұсынылмайды.

Көлікті ағаш астына қалдыруға әуестенбеңіз. Себебі теректен түскен шаң-тозаң кузовты біршама ластап, жабынды бүлдіруі де мүмкін. Көлік қоятын жер іздегенде көлеңкелі бірақ, теректен түрлі бұтақ атқыламайтын жер болғанын ескеріңіз.

Ең бастысы, көлік айдағанда ұқыпты болыңыз, жолға мұқият болыңыз. Жаздыгүні желмен жарысып жүйтки айдағанды жақсы көретіндер көп-ақ, бірақ жоғары жылдамдық пен тежегіш жүйеге салмақ салу көлік механизміне кері әсер ететінін есте ұстаңыз. Бұл, әрине, жалпы көліктің тез тозып кетуіне әкеледі.

Көлікті күтіп ұстау – көліктің өміршеңдігін ұзартуға көмектесетін жүйелі әрекет жиынтығы. Көлік шанағын күтіп ұстау бойынша жазылған кеңестерімізге құлақ аса отырып, сіз темір тұлпарыңызды тебу ұзақтығын көп жылға созып, жолдағы жайлылықтан ләззат алып әрі көлігіңіздің сырт келбетін де көпке дейін жаңа етіп сақтап қала аласыз. Осынша күтіп-бапталған, асқан ұқыптылықпен айдалған көлікті кейін сату да қиындық тудырмайтыны анық. Себебі, басында айтқанымыздай, көлік сатып аларда кез келген адам ең әуелі көлік шанағынының ахуалына мән береді.