Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елдің қарулы күштеріне соғысқа дайындықты арттыруды бұйырды. Бұл мәлімдемені Қытай басшысы Тайваньға жақын жерде өткен ірі әскери жаттығулардан бірнеше күннен соң жасады. Бұл туралы CCTV арнасы хабарлайды.
Си Цзиньпин Қытай Халық-азаттық армиясының Зымыран күштерімен кездесуінде әскерлерді «соғысқа жан-жақты дайындықты күшейтуге» және «берік соғыс қабілеттілігін» қамтамасыз етуге шақырды. Сонымен қатар қарулы күштердің сапалы дамуы мен олардың стратегиялық күшін нығайтуды талап етті.
Си Цзиньпин әскерилерден партия мен халық алдындағы міндетін мүлтіксіз орындауды бұйырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Бұл мәлімдемені ҚХР лидері 14 қазанда Тайвань маңындағы «Бірлескен семсер-2024B» оқу-жаттығудан кейін жасады. Жаттығудың мақсаты – Тайвань тәуелсіздігін қолдайтын сепаратистік күштерге қарсы ескерту беру болды.
Қытай Тайваньды өз территориясы деп есептейді және кейінгі жылдары өзін-өзі басқарып отырған арал маңында әскері шараларын күшейтті. Қытайдың коммунистік басшылары Тайваньды Бейжіңнің бақылауына қайтару үшін күш қолданудан бас тартпайтынын бұған дейін бірнеше рет айтқан.
Тайвань билігі Қытайдың бұл әскери іс-қимылдарын арандатушылық деп атаған.