Батыс Қазақстан облысында ауыл ішімен жүріп өткен Ресейдің әскери көлігі газ құбырын қаққан
Батыс Қазақстан облысында Ресей шекарасынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Сайқын ауылында көрші елдің әскери техникасы ауыл ішіне тартылған газ құбырын қағып кеткен. Бұл туралы Бөкей ордасы ауданы әкімдігіне сілтеме жасап, жергілікті МойГород басылымы жазды.
Ақпаратқа сәйкес, Ресей Федерациясы Бөкей ордасы аумағында, Сайқын ауылынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан әскери полигонды жалға алып отыр. Ол жерде Ресейдің екі әскери бөлімі бар. Әскерилер вахталық режиммен қызмет ететіндіктен, екі ел арасындағы мәміле шарттарына сәйкес, әскери техника елдімекеннен тыс өтетін жолдар арқылы үнемі полигонға кіріп-шығады.
Басылым келтірген мәліметке сәйкес, Бөкей ордасы әкімшілігі әскери техниканың ауыл ішінен өту себебін түсіндіріпті. Ақпаратқа қарағанда, күн жауын-шашынды болғандықтан, ауыл сыртындағы қара жолдармен жүру мүмкін болмаған. Сондықтан әскери техника Сайқын ауылындағы асфальтпен жүріп өткен.
«20 қазан күні, әскери техниканың 5 көлігі ауыл ішіндегі асфальт жол арқылы өтті. Алайда габаритті алдын-ала есептемеген бір көлік газ құбырын іліп кетті. Құбырға күрделі зақым келген жоқ және газ құбырдан сыртқа тараған жоқ», – деп хабарлады әкімшілік
Қазір мән-жай анықталып жатыр, арнайы техниканың жүргізушісі жауапқа тартылуы ықтимал.
Басылымның жазуынша, екі ел арасындағы мәміледе әскери техникаға полиция автокөлігінің ілесіп жүруі қарастырылмаған екен.
Айта кетейік, Сайқын ауылы, Батыс Қазақстан облысындағы, Бөкей ордасына қатысты Сайқын ауылдық округінің орталығы. 2021 жылғы санаққа сәйкес, ауылда жалпы саны 5 мыңға жуық халық тұрады. Ауылда бірнеше мектеп және кітапхана, орталықтандырылған аурухана, дәрігерлік амбулатория және 4 фельдшерлік-акушерлік пункт бар.