Lifestyle

“Сұлуы да, жылуы да”: 2024 жылы күзгі гардеробты қалай толықтырамыз

күзгі гардероб
2024 жылы күзгі гардеробты қалай толықтырамыз / Фото: envatoelements, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Суық түсті екен деп сәнді болудан бас тартып, қара түсті киім киюге асықпаңыз. Күз — ең жайлы әрі әдемі образдар құрастыратын кезең. Биылғы күзде табиғи түстер, сәнді трикотаж, еркін киімдер мен ірі, массив әшекей бұйымдар сәнде болмақ. KursivМedia әдемі болып жүргенді ұнататын, алайда суық түскелі не киерін білмей дал болған оқырмандар үшін арнайы топтама әзірледі. 

Маусым трендтері

күзгі гардероб
Фото: envatoelements, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Трикотаж революциясы

Трендсеттерлер биылғы маусымның басты тақырыбы етіп трикотаж киімдерді ұсынды. Денеге жайлы әрі өте жылы трикотаж киімдер образды да ерекше етеді. Ірі тоқыма, жұмсақ әрі текстуралы мата, түстің сан алуандығы, әртүрлі пішім – кез келген жағдайға қарай қалаған киім үлгісін таба аласыз. Күзгі гардеробыңызға трикотаж көйлек, шалбар, кеудеше – қайсыбірін алсаңыз да, ұтылмайсыз. Бұл – қызып тұрған, көп өтпей басылып қалатын да тренд емес. Сондықтан сапалы трикотаж киім алсаңыз, ұзақ киіс беріп әрі суық күнде жылу сыйлайтыны анық. Бұл үлгідегі киімді өзге мата түрлерімен үйлестіру де оңай. Себебі трикотаж жібек матадан тігілген белдемшемен де, дениммен де, былғары матадан тігілген киіммен де жарасып кетеді. 

Іскерлік кездесулерге базалық түстердегі жинақы костюм алсаңыз болады. Ал күнделікті серуенге ашық түсті жұмсақ жемпір – керемет нұсқа. Киімнен бөлек, трикотаж аксессуарлар да образды әдемі толықтырады. Мысалы, көпшілік үшін база саналатын қара түстегі киімдерден құралған образыңызға қызыл шарф байлап, ерекше болып шыға келесіз. Мойныңызды да жел алмайды.

Экосауат және табиғи материалдар

Жыл өткен сайын жылы маусымға арналған киім-кешек экологиялық тұрғыда саналы болуға негізделіп жасала бастады. Сондықтан өндірушілер де өңделген мақта матасын, өңделген зығыр мен вегандық былғарыны қолданып жатады. Ал жалпы жылы маусымға арнап тігілетін киімдерді әзірлейтіндер табиғаттан шабыт алған деуге болады, себебі күз-қыс маусымына арналған киімдер әдетте жердің, құмның, орман жасылы мен қоңыр қызыл түсте тігіледі. Нағыз күзгі палитра! Бұл түстер қоршаған ортамен байланысты көрсетіп, гардеробтағы көп киіммен әдемі үйлесім табады.

Экологиялық сауатқа келер болсақ, дизайнерлер бірнеше жыл қатарынын киюге болатын үлгілер ұсынуға тырысқан. Fast fashion-нен кәсіпкерлердің бас таруты қиын болса да, тауарды саналы қолдану да бара-бара сәннің бір бөлшегіне айналып келеді.

1990 және 2000-шы жылдарды еске алу. Ностальгия

Биылғы маусының тағы бір ерекшелігі – 1990-2000 жылдардағы сәнді үлгілерге оралу. Джинс костюмдер, свитшоттар мен бомберлер, кең шалбарлар мен массивті, үлкен кроссовкаларды киіп, бірден кең әрі еркін тұратын киім сәнде болған дәуірге қайтқандай сезімде боласың. Кең джинс шалбарлар кең пиджактармен немесе қысқа топпен әдемі жарасады. Пиджак демекші, кейінгі жылдары сәнбикелердің көбі ерлердің пиджагын киюді сәнге айналдырды. Винтаж үлгідегі кең пиджактар образды ерекше сәнді етеді.

Кең әрі еркін киімнен құралған киімге нәзіктік қосу үшін массив әшекей бұйымдар тағуға болады. Аксессуар – кез келген образдың маңызды бөлшегі. Ал биылғы маусымда ірі шынжыр алқалар, үлкен белдіктер мен көлемі үлкен сырға, жүзік сәнде болмақ. Кең киімнен көрінбей қалудан қорықсаңыз, белдік тағып, образды көркемірек ете аласыз. Пиджка пен жемпірге тағуға арналған сәнді түйреуіштер қайта оралды. Бұл да – образға «сән» беретін әдемі деталь.

«Сотуар» деп аталатын ұзын, бірнеше орап тағылатын алқалар қазір ерекше сәнді элемент саналады. Бұл аксессуарлар іскерлік образды да, кешкі образды да орынды толықтырады. 

Musthave. Салқын күндерге арналған гардеробта болуы керек заттар

күзгі гардероб
Фото: envatoelements, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Классикалық тренч

Тренчкот – ешқашан сәннен шықпайтын киім. Бұл классикаға айналған сырт киім биыл да актуалды. Бұл киімді кез келген ауа райында киюге болады, кез келген жағдайға ыңғайлап киюге жарайды. Сондықтан күзгі гардеробтың негізгі элементі деуге әбден лайық-ақ. Жарқын түстерді ұнатпасаңыз, ашық қоңыр, күңгірт түстілерден таңдай аласыз. Алайда тренчтің өзі база болғандықтан, ашық түстерін де киіп көруге кеңес береміз. 

Түсіне қарағанда, тренчтің ұзындығын бойыңыз бен дене пішініңізге қарай таңдай білгеніңіз маңыздырақ. Бойыңыз қысқа болса, тізеге дейінгі ұзындықтағы тренч алмағаныңыз дұрыс. Себебі бұл бойыңызды одан әрі кішірейтіп көрсетеді. Орнына белге дейін қысқа түрін немесе тізеден немесе балтырдан төмен тұратын ұзындықты таңдағаныңыз жөн. Дене пішініңіз алмұрт тәрізді болса, керісінше беліңізге дейін келетін қысқа тренч алмаған дұрыс. Денеңіздің пропорциясы жақсы сақталуы үшін бөкседен сәл өтетін немесе балтырға келетін ұзындық алуға кеңес береміз. Дене пішіні типтері жайлы төменде қосымша тағы ақпарат береміз.

Кең джинс шалбар

Джинс шалбар – кез келген маусым үшін мастхев элемент. Ол жылы жемпірмен де, классикалық үлгідегі жейдемен де, кең худимен де керемет үйлеседі. Тек күн салқындағанда түсі қоюлау, қанықтау шалбар әдемі көрінеді. Жаңбырлы, тұманды күндері сұр түс джинс шалбары да ерекше болып тұрады.

Оверсайз үлгідегі костюмдер 

Оверсайз силуэт әлі де танымалдығын жоғалтқан жоқ. Бұл стильдегі киімдер әлі сән подиумдарында көп ұсынылады. Базалық, тыныш түстердегі костюм сізге көп жыл бойы қызмет етіп, гардеробыңыздың негізгі элементіне айнала алады. Бұған қоса костюм – өз ақшасын толық ақтайтын киім. Оның әр элементін түрлісше үйлестіруге болады. Пиджагын бөлек, шалбарын бөлек киіп, қосымша жаңа образдар да құрастыра аласыз. Бұған қоса, костюмді күнделікке де, офиске де, тіпті кешкі шараларға да киюге болады. 

Трикотаж аксессуарлар

Жоғарыда айтқанымыздай, аксессуарлар – образды толықтырып тұратын ең маңызды элементтердің бірі. Сағат, сақина, сырғадан бөлек трикотаж аксессуарлар да салқын ауа райына арналған мастхев бұйымдар тізімінде. Мысалы, шарф, бас киім, жамылғы дегеннің бәрі тек жылу сыйлап қоймай, образыңызға өң беріп, оны қызықты, тартымды ете түседі. «Жұмбақ ару» образын жасауға қолғаптар да керемет көмектеседі.

Адам мен киімнің өңіне қарай киім таңдау

күзгі гардероб
Фото: envatoelements, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тренд пен мастхев бұйымдарды білген керемет. Ал образ шынымен үйлесімді болуы үшін әркім өзіне не жарасатынын, өзінің түстік типін білуі керек. Себебі бір киім екі бірдей адамға екі түрлі болып, біріне жарасып, біріне жараспай қалатын кездер болады. Мысалы, әр түстік типке сай адамның өңін ашып тұратын түстер палитрасы болады. 

«Қыс» түстік типі

Бұл типке жататын адамдардың терісінің түсі салқындау, шашы қара, көзінің түсі ашықтау болады. Бұл адамдарға қанық түстер жақсы жарасады. Мысалы, қою қара, қою көк, шарап түстес қоңыр қызыл түс. Қара тренч, қоңыр қызыл жағалы жемпір мұндай қыздардың көркіне көрік қосады.

«Көктем» түстік типі

Бұл типке жататындардың терісінің түсі жылы түске жатады, шашы мен көзі де қоңырқай келеді. Бұл қыз-келіншектерге шабдалы түстес, ашық сарғылт, ашық көгілдір және ашық алқызыл түстер жарасады. Мысалы, көктемгі типтің адамдары ақшыл түсті кардиган немесе ашық сарғылт тренч кисе, ерекше нәзік көрінеді.

«Жаз» түстік типі

Жазғы тип те салқын реңді, алайда «қысқа» қарағанда айқынырақ салқын тип деуге болады. Мұндай адамдарға бәсең, салқын түстер, мысалы сұрғылт-көк, алқызыл, сұр және лалагүл түстері жақсы жарасады.Жазғы типтегі адамдарға оверсайз үлгілі 

«Күз» түстік типі

Күзгі тип – өңі жылы әрі қанық адамдар, оларға табиғи түстер, оның ішінде қанық қоңыр, кірпіш түс, жасыл, қызыл түстер жарасады. Күзгі тип өкілдеріне ақшыл сары тренч немесе хаки түстегі кардиган да жақсы келеді. Бұл екі түс адамның терісінің түсін аша түсіп, әдемі үйлесім табады.