«Қазақстан темір жолы» компаниясы өз бөлімшесінен жалған жұмысқа орналастыру фактісін анықтаған. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ревизиялық комиссиясы ішкі тексеру барысында «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалында есепте тұрғанымен, қызметте жоқ адамдарды анықтаған.
Филиал басшылығының нұсқауы бойынша жалған түрде жұмысқа алынған адамдар негізі құрылыста жүрген. ҚТЖ осы жағдайда жәбірленуші тарап ретінде танылған.
«Қазіргі кезде іс материалдары Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. ҚТЖ тергеуге барынша қолдау көрсетеді», – делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесі құқық қорғау органдарына тапсырылды. Осы оқиға бойынша Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, 21 млн теңге көлемінде шығынды анықтады.