АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұрып жатқан Фетхулла Гүлен 84 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның немере інісі Эбесулеме екі бірдей ақпарат көзіне CNN Turk және Hürriyet-ке хабарлаған. Жыл өткен сайын денсаулығы сыр бере бастапты. Бүйрегі ауырып, қант диабеті және деменция дертіне шалдыққан.
Гүлен – түріктің қоғам және діни қайраткері, жазушы, ақын, дін уағызшысы. Гүлен алғашқыда Ердоғанның одақтасы болды. Кейін ең басты дұшпанына айналды. Түркия билігі Гүленді 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды деп күдіктенеді. Бұл оқиға кезінде танк, тікұшақтар парламент ғимаратына шабуыл жасалып, қарусыз адамдар қаза болды. Түркияда Гүленді қолдайтын 218 адам ұсталып, 50 адам сотталды. 140 мың адам қызметінен қуылды.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ұстанымы бойынша, гүленшілер жамағаты Саид Нұрси идеяларын басшылыққа алады. «Хизмет» қозғалысы әлемнің 140-тан аса елінде мектеп ашқан. Қазақстанда қазақ-түрік лицейлері танымал болды. Гүлен кітаптары қазақ тіліне аударылып, кең тараған.
«Отандық ғалымдардың діни тақырыпта жазған кітаптары тапшы болған кезде амалсыз Гүленнің кітаптары да оқылды», – делінген мүфтият сайтында.
Мүфтият дерегінше, гүленшілер діттеген мақсатына жетпей, шынайы келбетін мұқият жасырады. Діни терминдерді бұрмалайды. Мысалы, дәретті «билет», намазды «ұшу» деп, басқаша атайды.
2016 жылы Анкара гүленшілердің FETÖ ұйымын – террористік ұйымы деп жария етті. Бұдан бөлек, Пәкістан, Солтүстік Кипр, Парсы шығанағы елдері және Ислам ұйымы бірлестігі Гүлен қозғалысын «террористік ұйым» деп таныды.