Bereke Bank сатылды. Оның жаңа иесі, айтылғандай қатарлық Lesha Bank болды. Банк сатылғаннан кейін, Fitch агенттігі енді оның активін Үкімет иеленіп тұрған кездегідей қолдау болмайды деп, банк рейтингісін бір сатыға түсірген. Алайда «Курсив» есебі бойынша, квазимемлекеттік сектор қаражатының арқасында Bereke Bank-тің алдағы бірнеше жылға жететін қоры бар.
«Бәйтерек» мәміленің 8 қазан күні аяқталғанын хабарлады. Холдингтің жазуынша, осы келісімнен кейін Bereke Bank-тің нарықтағы позициясы нығаймақ және бұл елдегі екінші деңгейлі банктер арасында бәсекенің артуына алып келеді.
«Жаңа акционердің келуімен екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестіктің күшеюі, жаңа технологияларды енгізу және экономиканың нақты секторына кредит беруді дамыту күтілуде», – делінген хабарламада. Хабарламада айтылғандай, Катар инвесторлары «Бәйтерекпен» «банктің нарықтағы позициясын одан әрі нығайту» жоспарларымен бөлісті.
«Бәйтерек» мәміленің қаншаға сомаға жасалғанын жария етпеді. Ал Lesha Bank болса мамыр айында-ақ қатарлық қор биржасына Bereke-ні сатып алуға 65 млрд теңге төлейтінін хабарлаған. Шарт жасалған сәтте бұл сома 145 млн долларға тең болды, бірақ бұдан кейін теңге әлсіреп, бір долларға шаққанда 447-ден 487 теңгеге дейін түсті. Бұл бағаммен есептейтін болсақ, Bereke 133млн долларға арзанға түсетін еді. Мәміле бағасы белгілі бола салысымен, көптеген бақылаушы бұл баға банктің баланстағы меншікті капиталының 39,8%-ын ғана құрағанын байқады.
Тап осы 8 қазан күні Bereke bank директорлар кеңесінен «Бәйтеректің» екі өкілі шықты. Ал банктің өзі квазимемлекеттік деген мәртебеден айрылып, шетелдік еншілес банкке айналды. Жаңа акционер директорлар кеңесіне өз адамдарын әзірге енгізген жоқ. Сол себепті қазір банктің директорлар кеңесінде 4 адам қалып отыр. Олар: үш тәуелсіз директор және басқарма төрағасы. Үш адамнан тұратын атқарушы органда да әзірге еш өзгеріс болған жоқ. Bereke-нің хабарлауынша, Lesha Bank директорлар кеңесінің жаңа құрамын тағайындайды, «оның құрамына акционердің өкілдері мен тәуелсіз директорлар кіреді».
Банк ақпараты бойынша , банк атауы өзгермейді, қазіргі атауы сақталып қалады. Стратегия жайын сөз еткенде, банк «тап қазір оған қандай да бір өзгеріс енгізу жайлы жоспар жоқ» екенін айтты.
Банк басшылығының айтуынша, банк қазіргі уақытта қосымша қаражат салуды қажет етпейді, өйткені «меншікті капиталының қажетті резерві бар және барлық пруденциалдық нормативтерге сәйкес келеді». Сонымен қатар, банк Bereke өтімділігін қолдау үшін «Бәйтерек» еншілес компаниялары салған депозиттердің тағдырына қатысты да түсініктеме берді.
«Банк заңды және жеке тұлғалардан қаражат ала отырып, нарық жағдайында тұрақты және тұрақты қорландыруды көрсетеді. Квазимемлекеттік ұйымдардан түсетін қаражат нарықтық мөлшерлеме бойынша орналастырылады және келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Акционердің ауысуына байланысты қаражатты шығару қарастырылып отырған жоқ», – деп хабарлады банк. Осыған байланысты «Курсив» қазір квазмемелекеттік болып саналмайтын банкте квазимемлекеттің қанша ақшасы жатқанын және қашанға дейін жататын зерделеп көрді. «Курсив» 2023 жылдың басындағы («Бәйтерек» банкті ресейлік Сбер банкінен 2022 жылдың 1 қыркүйегінде сатып алғаннан кейін ХҚЕС бойынша алғашқы егжей-тегжейлі мәлімдемелер) және 2024 жылдың ортасындағы (ескертпелері бар соңғы қолда бар мәлімдемелер) Bereke міндеттемелерінің құрылымын салыстырды. Сбербанкті сатып алғаннан кейін, мемлекеттің банкті мемлекеттік қаржымен толтырудан басқа амалы болмағаны айтпаса да түсінікті. Санкция астында отырған, валюталық операциялар жасау мүмкіндігі жоқ, халықаралық төлем жүйесінен ажыратылған банкке ешкімнің ақша салмасы анық. Банк санкция құрсауынан 2023 жылдың наурызында шықты. Валюталық опеарция жасау мүмкіндігі маусым айында қалыпқа келді. Осы айда банк Fitch агенттігінен халықаралық рейтинг алды. Тамыз және қазан айларында к Mastercard және Visa карталары қайта қосылды. Осылайша, банк бір жыл бұрын қалыпқа келді.
Инфографикадан көріп отырғанымыздай, соңғы 1,5 жылда банк нарықтағы клиенттерден тартылған ақша көлемін айтарлықтай арттыра алды. Мемлекетпен үлестес емес заңды тұлғалардың ағымдағы шоттары мен депозиттеріндегі қалдықтар қарастырылып отырған кезеңде 194%-ға (379 млрд теңгеге дейін), бөлшек сауда портфелі – 152%-ға (528 млрд теңгеге дейін) өсті. Жалпы Bereke-нің міндеттемелері жоғарыда аталған екі сегментке (+33%) қарағанда баяу өскендіктен, банктің қарыз жүктемесіндегі үлесі байланысты емес заңды тұлғалар клиенттері үшін 8,3%-дан (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) 18,3%-ға (2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша), жеке тұлғалар үшін – тиісінше 13,5-тен 25,5%-ға дейін өсті.
Байланысты тараптардан қорландыруға келетін болсақ (олардың көлемі, Bereke-нің айтуынша, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін сақталады), оның банктің борыштық жүктемесіндегі «салмағы» 53,1-ден 40,2%-ға дейін төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалуда. Алайда қазір Bereke шетелдік банктің «еншілесіне» айналғандықтан, банк үшін квазимемлекеттік ақша бұдан былай байланысты көздерден алынған ресурс болып саналмайды. Абсолютті мәнде квазимемлекеттік сектор субъектілері Bereke bank-ке инвестициялаған қаражат көлемі соңғы 1,5 жылда іс жүзінде еш өзгеріссіз қалған: 2023 жылдың басында оның көлемі 827 млрд теңгені құрады, бір жылдан кейін аздап 773 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бірақ та 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қаржыландыру көлемі 833 млрд теңгеге дейін қайта «қалпына келді».
Салымдар
Осы соманың жартысынан астамы (осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 426 млрд теңге) бас ұйым мен ортақ бақылаудағы компаниялардың салымдары. «Бәйтерек» тобындағылар банктің өтімділігін қолдау үшін барынша ақша салды десе болады. Бастапқы кезеңде «Бәйтерек» ҰБХ-ның өз салымы 200 млрд теңге болды. ал қазіргі таңда оның көлемі 70 млрд теңгеге дейін азайған.
Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен оның еншілес ұйымы Өнеркәсіпті даму қоры (ӨДҚ) 80 млрд теңгені тірнектеп салды. Олардың Bereke bank-ке салған инвестициясы қызық құрылымдалған. ӨДҚ 2022 жылдың тамызында (Сбермен мәміленің аяқталу қарсаңында) ҚДБ-да 30 млрд теңге сомасына депозит ашады (1,5 жылға жылдық 10%-бен). ҚДБ өз тарапынан тағы 50 млрд теңге қосып, оның барлығын «Отбасы банк» депозитіне салды. Содан кейін «Отбасы банк» тағы 20 млрд теңге қосып, қомақты соманы (100 млрд теңге) Bereke-ні қолдаудың түпкілікті алушысына жіберді. Осы жылдың ақпан айында (шартта көрсетілгендей орналастырудан кейін 1,5 жыл өткен соң) Bereke «Отбасы банкке» 100 млрд теңге қайтарды, ал «Отбасы» ҚДБ-ге оның 80 млрд теңгесін қайтарды да, қалған 20 миллиардқа Bereke-де жаңа депозит ашты. ҚДБ болса қайтарылған ақшаны өзінде қалдырмай, тағы апарып Bereke bank-ке салды. Алайда бұл жолы ортаға «Отбасы банкті» салмай, тікелей өзі салды.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» (ҚТК) мен «Даму» қоры әрқайсысы 50 млрд теңгеден тауып салды. Барлық жағдайларда «Бәйтеректің» еншілес компаниялары бастапқыда ақшаны депозитке 18 айға (2024 жылдың 26 ақпанына дейін) салды, кейін бұл депозиттер уақтылы өтеліп, жаңалары ашылды. Жаңа депозитке салынғаны да дәл сол сома, бірақ мерзімі бойынша екі есе ұзақ (2027 жылдың ақпанына дейін, 3 жылға). Олардың сыйақысы жылына 10-нан 11%-ға дейін. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бұл депозиттерге ақша салынған кезде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 14,75%-ға тең болды. ал ҚР банк секторындағы заңды тұлғалардың шұғыл депозиттер бойынша орташа сараланған мөлшерлемесі 2024 жылдың ақпанында тура 14% болды.
Жалпы алғанда, аталған компаниялардың қаржылық құжаттарынан белгілі болғандай, ҚДБ, ӨДҚ, ҚТК және «Даму» Bereke-дегі депозитке 200 млрд теңге салған. «Бәйтеректің» басқа еншілес компанияларының құжаттарында Курсив Bereke-дегі с салымдары туралы мәліметтерді таппады. Bereke bank-тің өз есебінде биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ортақ бақылаудағы компаниялардың банкте 355 млрд теңгесі бар екені айтылған. Дегенмен біз тағы 150 млрд теңгенің қайдан пайда болғанын анықтай алмадық. Болжам бойынша бұл «Самұрық-Қазынаның» компаниялары мен Ұлттық банк құрылымының ақшасы болуы мүмкін.
Облигациялар
2023 жылдың екінші жартысынан бастап Bereke облигацияларды белсенді орналастыра бастады, бұл бағалы қағаздардың иелері тек қана байланысты тұлғалар және солар болып қала береді де. Осы уақыт ішінде банк KASE-де жеті рет 100 млрд теңгеден сәтті орналастырды (оның ішінде бір оғаш және сәтсіз де болды) және әр орналастыруда бағалы қағаздарды бір сатып алушы ғана алды. Екі шығарылым қазір жабылған, ал екеуі мерзімінен бұрын сатып алынған. Қайта сатып алу 2024 жылдың тамыз айының соңында өтті және тап осы күні екі жаңа орналастыру болды. Сатып алынған облигациялар бойынша өтеуге кірістілігі жылдық 15,84 және 15,55% құрады. Жаңа бағалы қағаздардың кірістілігі екі пайыздық тармаққа дерлік төмен (жылдық 13,95 және 13,90%). Облигациялар сәйкесінше үш және екі жылға шығарылды, яғни олар 2027 және 2026 жылдың тамызына дейін айналыста болады.
Бұған дейін «Бәйтерек» эмиссиялық бағалы қағаздардың иелері туралы ақпарат коммерциялық құпия болып табылатын «Бағалы қағаздар нарығы» туралы заңға сілтеме жасай отырып, осы барлық облигацияларды сатып алушының (немесе сатып алушылардың) кім екенін «Курсивке» айтудан бас тартқан. Дегенмен бас холдингтің өзі облигацияларға қаражат салды деп болжауға болады.
Рейтинг
2024 жылғы 14 қазанда «Бәйтерек» пен Lesha Bank арасындағы келісімнің аяқталуы туралы жаңалықтар Fitch Ratings агенттігінің назарынан тыс қалмады. Агенттік Rating Watch Negative тізімінен Bereke рейтингтерін алып тастады, эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін бір сатыға төмендетті (ВВ-дан В+ дейін) және оған қатысты тұрақты болжамды белгіледі.
Рейтингтің төмендеуіне банктің мемлекет меншігінен шығуы себеп болды.
Fitch мәліметінше, қазір банктің рейтингі оның ішкі несиелік қабілетіне байланысты. Банкті мемлекеттің қолдау екіталай, өйткені банк сатылғаннан кейін биліктің қолдауға деген ұмтылысы азайды. Жаңа акционерлерден қолдау алу ықтималдығы да шектеулі. Өйткені Bereke bank-тің өлшемі Lesha өлшемінен айтарлықтай асып кеткен. Сонымен қатар агенттік Bereke bank пен Lesha-ның бірігу деңгейі, сондай-ақ қазіргі кезеңде Bereke-нің рөлі қандай екені айқын емес деп есептейді.
Bereke рейтингті қайта қарау акционердің ауысуына байланысты жүйелі жүргізілетінін және банктің өз ұстанымындағы өзгерістерді көрсетпейтінін атап өтті. Банк алдыңғы бағалауда (ВВ деңгейінде) акционерлердің рейтингі (BBB деңгейінде) және мемлекет тарапынан болатын қолдау басты фактор екенін атап өтті. Банктің мәлімдеуінше, «Bereke bank жағдайы тұрақты, банк барлық белгіленген пруденциалдық нормативтерді орындайды, ай сайын пайда көріп отыр және негізгі қаржылық көрсеткіштерді жақсартуды жалғастыруда»