Жаңалықтар

Астанадағы «жемқорлық мемориалына» айналған LRT құрылысына Ұлттық қордан 52,4 млрд теңге бөлінген

Астана LRT
Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Құрылысы осыдан 13 жыл бұрын басталып, бөлінген қаржының бір бөлігі талан-таражға түскен Астана LRT құрылысына былтыр Ұлттық қордан 52,4 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің KursivMedia сауалына берген ресми жауабында жазылған.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің қолы қойылған жауапта келешекке деп жиналып жатқан қор қаржысы «жемқорлық мемориалына» айналған жобаға былтыр бөлінгені жазылған. Ұлттық қордан алынған нысаналы трансфеттің бір бөлігі LRT құрылысын аяқтауға жұмсалып жатыр.

Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 28 наурыздағы Жарлығына және 2022 жылғы инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі жол картасы негіз болған.

«Мемлекет басшысының 2023 жылғы 28 наурыздағы Жарлығына және 2022 жылғы инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі жол картасының 30-тармағына сәйкес, 2023 жылға «Астана қаласы жаңа көлік жүйесі (LRT)» жобасы шеңберінде іс-шараларды іске асыруға ҚР Ұлттық қорынан 52,4 млрд теңге және Саран қ. тұрмыстық техника өндіру жөніндегі жобаны іске асыруға 5 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер бөлінді», – делінген жауапта.

Астананың ортасындағы «сақалды құрылыс»

Үкімет жоспары бойынша Астана LRT құрылысы 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қарай аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, пайдалануға әлі берілген жоқ.

2022 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке LRT жобасын біржақты қылуды тапсырды. Президент оны «кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды» деп сынап, «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» екенін айтты.

Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT жобасының құны әу баста 1,9 млрд долларды құрайтыны айтылған. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік жолының құрылысы 2024 жыл соңында аяқталады деп мәлімдеді. Келер жылдың басында елорда тұрғындары LRT-тың игілігін көруі тиіс.

2023 жылы бұл жобаға Үкімет 52,4 млрд теңге құйды. Бұл қаржы Ұлттық қордан алынған. Көлік министрі Марат Қарабаев биыл 45 млрд теңге бөлу жоспарланғанын, тағы 150 млрд теңге ақша керек екенін мәлімдеген. Алайда 2025-2026 жылдарға бюджет әлі қарастырылмаған.

Қазір жобаны Сity Transportation Systems ЖШС жүзеге асырып жатыр. Компанияның басқарма төрағасы Ғани Тәжиев жоба екі кезеңде жүзеге асырылып жатқанын, LRT бірінші кезеңі 2025 жылы іске қосылатынын айтқан. Бірінші кешен құны – 1,152 млрд доллар. Бұл кезде 8 станция салынып, бес жылжымалы құрам іске қосылмақ. Ал құны 735 млн долларлық екінші кезеңде 10 станцияны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Жобадағы жемқорлық

Astana LRT жобасына қатысты қаржы жымқыру ісі – Қазақстандағы ең ірі жемқорлық дауының бірі. Тергеу барысында жоба құрылысынан 5,8 млрд теңге көлеміндегі қаражат жымқырылғаны анықталды.

2019 жылы қозғалған қылмыстық іс аясында бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға айып тағылды. Олардың қатарында Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков және «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан бар. Оларға алаяқтық және қызмет бабын асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жобадан алынған бюджет қаражатын заңсыз жолмен жеке мақсаттарына пайдаланған.

Қылмыстық іс әлі де жалғасып жатыр, кейбір негізгі фигуранттарына халықаралық іздеу жарияланған. 2023 жылы сот процесі барысында бірнеше айыпталушыға жаза кесіліп, Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты істы сотқа жібергенін хабарлады.