Тимур Құлыбаевтың шығынға батқан компаниясы құм-қиыршық тас қазып табыс таппақ
51% акциясы миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кристалл Менеджмент» мұнай компаниясы 2028 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы Арысқұм кен орнында құм-қиыршық тас қоспасын өндірмек. Бұл компания кейінгі жылдары шығынға батып отыр.
Жобаға сәйкес, 2028-2042 жылдары аралығында компания жылына 2,5 мың текше метр құм-қиыршық тас өндіруді жоспарлаған. Ал 2043 жылы өндіріс көлемі 15 мың текше метрге жетпек. Аталған кен орнындағы құм-қиыршық тас қоры 1,38 млн текше метрді құрайды, ал өндіріс аяқталған соң, 1,33 млн текше метрге тең қалады.
Құм-қиыршық тас қоспасы Жалағаш ауданындағы Арысқұмда 48 гектар аумақта өндіріледі. Қазба жұмысына бір экскаватор мен бульдозер, бір тиегіш және үш КамАЗ жұмылдырылмақ.
Компанияның қаржы көрсеткіштеріне келсек, 2023 жылдың соңында «Кристалл Менеджменттің» жиынтық активтері 51,6 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы компания 2,9 млрд теңге шығын шекті. Ал 2022 жылы 1,5 млрд теңге шығынға батты.
2024 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, «Кристалл Менеджмент» компаниясының төрт негізгі құрылтайшысы бар: 51% үлесті Тимур Құлыбаев Joint Resources компаниясы арқылы иеленеді. Құлыбаев Forbes мәліметі бойынша әлемдегі ең бай адамдардың арасында 687-орында және Қазақстандағы дәулетті адамдар қатарында екінші орында тұр, оның байлығы 5 млрд доллар деп бағаланады.
Компанияның қалған 49% үлесі бірнеше акционерге тиесілі: 24,5%-ы – Eurasia Construction компаниясының меншігі. Бұл компанияның иелері – Асқар Әубәкіров пен Қайрат Қырымов. 15%-ы Жұмабике Жылбаева иеленетін «Позитив-А» компаниясына, ал 9,5% Раушан Сағдиеваның FCI Management LLP компаниясына тиесілі.
«Кристалл Менеджмент» 2014 жылдан бері Қызылорда, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында мұнай-баралау жұмысын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде алты мұнай мен газ кен орны ашылып, олардың төртеуі сынақ пайдалану кезеңіне өткен. Сонымен қатар, компания 20-дан астам болашағы бар кен онын анықтады.