Ресей ішкі рейстерін ұйымдастыруға Қазақстаннан көмек сұраған жоқ – Көлік министрлігі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей Қазақстаннан ұшақ сұрады ма / Фото: shutterstock.com

Ресейдің Көлік министрлігі ішкі рейстерін ұйымдастыруға Қазақстаннан көмек сұрамаған. Бұл туралы Көлік министрлігі КursivМedia-ныңресми сауалына берген жауабында айтқан.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, министрлікке Ресей тарапынан каботаж тасымалы бойынша өтініш түспеген.

«Қазірге дейін ресейлік тараптан каботаж мәселесі бойынша ресми өтініш түскен жоқ», – деді вице-министр.

Сондай-ақ министрлік жауабында ішкі әуе тасымалы нарығының өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыруға басымдық беріліп отырғаны атап өтіледі.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы жолаушылар ағыны жылына шамамен 15%-ға артып келеді. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында қазақстандық әуе компаниялар 10 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық.

Air Astana және Fly Arystan компаниялары Ресейдің ішкі рейстеріне қатысу туралы түсініктеме беруден бас тартты. 2022 жылы Air Astana Ресейге және Ресей аумағы арқылы ұшуды тоқтатқан.

SCAT әуе компаниясы Ресейге рейстерді жалғастырып келгенімен, бірақ олардан осы мәселе бойынша түсініктеме алу мүмкін болмады.

Бұған дейін ресейлік БАҚ РФ достық ниеттегі мемлекеттерден ішкі рейстерді ұйымдастыруға көмек сұрауға мәжбүр деп жазған. The Moscow Times басылымының мәліметінше, ресей әуе компаниялары ішкі бағыттар бойынша ұшақ тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан Ресей бұл мәселені шешу үшін шетелдік әуе тасымалдаушыларын тартуды қарастырғаны жазылды.

Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт Қазақстанмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл келіссөздер шетелдік әуе компанияларының Ресейде каботаж тасымалдарын жүзеге асыруына бағытталған, яғни шетел компаниялары Ресей ішіндегі рейстерді орындай алады. Қазіргі уақытта мұндай құқық тек ресейлік әуе компанияларына ғана тиесілі.

Старовойттың айтуынша, ішкі рейстерді орындауға ұшақ тапшылығы себеп болып отыр, және Қазақстаннан басқа бірнеше елдермен келіссөздер жүргізілуде, алайда ол нақты қай елдер екендігін атаған жоқ.

Соғысқа дейін Ресейдің әуе паркі 850 ұшақтан тұрған, бірақ Oliver Wyman консалтинг компаниясының бағалауынша, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 736 ұшаққа дейін қысқарды. Санкциялар салдарынан 2026 жылға қарай Ресейдегі ұшақ саны екі есеге азаюы мүмкін деген болжам бар.

Сондай-ақ оқыңыз