Ақтөбеде автожолды жақсарту жұмыстарына бөлінген 69,5 млрд теңгенің жартысы әлі игерілмеген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
дороги
Ақтөбеде автожолға бөлінген 69,5 млрд теңгенің жартысы игерілмеген / Фото: shutterstock

Ақтөбе облысында автожолдарды жөндеу және қайта салу жұмыстарына бюджеттен бөлінген 69,5 млрд теңгенің жартысы әлі күнге игерілмеген. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың мердігерлермен кездесуі кезінде белгілі болды.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, биыл жоспар бойынша 186 жоба аясында 4 440 шақырым жолды жақсарту қажет. Бұған бюджеттен 69,5 млрд теңге бөлінген. Ал қазіргі есеп бойынша аймақта 491,9 шақырым жол енді салынып, 315,7 шақырымға ғана асфальт төселіп үлгерген. Жұмыс көлемінің бестен бірі орындалғанына қарамастан, бюджеттен 34,2 млрд теңге жұмсалып та қойған. 

«Ақтөбе қаласына бюджеттен 26 млрд теңге бөлінді, тек 10,4 млрд теңге игерілді. Ауыспалы жобаларға 2025 жылы 13,5 млрд теңге бөлінді, оның 6,4 млрд теңгесі бюджетті қайта қарау кезінде қайтарылады. Жоспарлау тиімсіз жүзеге асырылады», – деді облыс әкімі Шахаров. 

Әкім бірнеше жобаның мерзімінен кешігіп жатқанын атап өтіп, жопар тиімсіз болған жағдайда бюджет қайта қаралатынын айтты. Бұған қоса, қала және аудан әкімдеріне жобалардың неліктен тиімді жүзеге аспайтынын анықтауды тапсырған.

«Әйтеке би ауданында «Қарабұтақ-Комсомол-Северное-Сарат-Қырыққұдық-Тымабұлақ» жол учаскесіндегі жұмыстар мерзімінде аяқталған жоқ. Байғанин ауданында «Қарауылкелді-Жарқамыс» және «Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы-Оймауыт» жолдарын жөндеу де кестегі мерзімнен айтарлықтай артта қалып отыр. Мен Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымда «Сағашилі-Талдысай» автожолының құрылысымен таныстым, «САБ-ДорСервис» және «ТенгриСтройИнвест» мердігерлері оны мерзімінде аяқтауға уәде берді. Алайда, жұмыс жоспарға сай емес.  Ойыл ауданының Шұбаршы ауылынан Атырау облысына дейін автомобиль жолына көпір және Бестамақ ауылына кіреберіс жол салу бойынша жұмыстардың уақытылы аяқталмауына қатысты мәселелер бар», – деді Шахаров.

Ол талаптарды мерзімінде орындамаған мердігерлерді жауапқа тартуға шақырды. Отырыс барысында Байғанин ауданында жол жөндеуі тиіс «Мерей және К» ЖШС-ның жұмыстары тоқтатылатынын белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз